Air Astana компаниясының ұшағында ұйықтап жатқан ерлі-зайыпты 3400 доллар ақшасын ұрлатып алған (ВИДЕО)

Автор: Махан Миражан

Жолаушылар Алматыдан Вьетнамның Дананг қаласына бет алған еді 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Алматыдан Вьетнамның Дананг қаласына жол тартқан ерлі-зайыпты ұшақта ұйықтап жатқан кезінде қол жүгіндегі 3400 долларының ұрланғанын айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Анна Магнели Instagram парақшасында жариялаған видеосында мәлімдеді. Оның айтуынша, күйеуі екеуі Тбилисиден Вьетнамға қоныс аудару үшін жинаған бүкіл ақшасынан ұшақта айырылып қалған. 

«Мен енді не істерімді, қайда барарымды білмеймін. Ұшақта ұйықтап жатқан кезде бізді тонап кетті. Қол жүгімнің ішінде бар ақшамыз жатқан еді», – деді ол.

Анна Магнелидің сөзінше, жоғалған ақшаның орнына олардың сөмкесіне Тайвань мен Малавидің валютасына ұқсас долларлық купюралар салынған. Ал 3400 доллар отбасының Вьетнамда тұруына арналған негізгі қаражаты болған.

«Жолдасым соңғы бірнеше айдың ішінде біздің көшуіміз үшін қанша еңбектенді, қанша ақша жинады. Ал қазір біз басқа елге келдік те, бірден баспанасыз, ақшасыз қалдық», – деді Анна Магнели.

Анна Магнели оқиғаға байланысты Air Astana әуекомпаниясына, әуежайдың қауіпсіздік қызметіне және Дананг әуежайының полициясына хабарласқан. Сондай-ақ жолаушы олардың рейсімен бірге ұшқан куәгерлердің бірі ұрлыққа қатысты маңызды ақпарат бергенін айтты.

«Біз Air Astana әуекомпаниясына, әуежайдың қауіпсіздік қызметіне және Дананг әуежайының полициясына хабарластық. Бізбен бірге сол рейспен ұшқан куәгерлердің бірінен ұрының сипаттамасы туралы ақпарат алдық. Жалпы, полиция біздің арызымызды қабылдап, істі тексеруге дайын. Бірақ, өкінішке қарай, аудармашысыз олар біздің арызымызды қабылдай алмайды. Сондықтан, достар, сіздерден үлкен өтінішім бар. Егер араларыңызда Данангта тұратын, орыс тілінен вьетнам тіліне және вьетнам тілінен орыс тіліне аудара алатын аудармашылар болса, өтінемін, пікірге жазыңыздар», – деді ол.

Оқиғаға байланысты Air Astana әуекомпаниясы да пікір білдірді. Компания жолаушының басынан өткен жағдайға өкініш білдіріп, мұндай оқиғаларды тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын атап өтті.

«Әуекомпания сіздің багажыңызға қатысты орын алған жағымсыз жағдайға байланысты шын жүректен өкініш білдіреді. Әуекомпанияның мәліметінше, болған жағдай бойынша жолаушы құқық қорғау органдарына арыз беруі қажет. Бұл факті бойынша аталған әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау, кінәлілерді жауапқа тарту және шығынды өтеу үшін құқық қорғау органдарына арызбен жүгіну қажет. Жолаушылар багажының ішіндегі заттардың ұрлануына қатысты жағдайларды тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Әуе компаниясының мұндай тергеу жүргізуге өкілеттігі жоқ. Егер қылмыс Қазақстан Республикасынан тыс жерде жасалса немесе қылмыс жасалған жерді анықтау мүмкін болмаса, сондай-ақ қылмыс бірнеше жерде жасалған жағдайда, іс тергеу аяқталған жердегі сотта қаралады», – делінген Air Astana жауабында.

Жолаушының әлеуметтік желідегі жазбасында айтылған жағдай бойынша Вьетнам полициясының қандай шешім қабылдағаны әзірге белгісіз.