«Он минуттан кейін тынысы қиындап, көгере бастады»: Атырауда 16 жастағы оқушының өліміне қатысты не белгілі

Автор: Махан Миражан

Қайғылы жағдайға қатысты Атырау облыстық балалар ауруханасының өкілі сұхбат берді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Атырауда 16 жастағы Айжан Жаркен мұрын қуысына жасалған жоспарлы операциядан кейін қайтыс болды. Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Azattyq Rýhy. редакциясы қайғылы жағдайға қатысты марқұмның анасы мен аурухана өкілінің пікірін тауып, оқиғаның хронологиясын құрап шықты. 

Оқиға қалай басталды?

Марқұм оқушыны соңғы бірнеше айда мұрын қуысындағы киста мазалап, тыныс алуы нашарлап жүрген көрінеді. Ол операцияны портал арқылы үш ай күткен. Марқұмның анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, Айжан 19 тамызда портал арқылы ауруханаға келген. Ал 20 тамызда жоспарлы операцияға жатқан. Ол қызының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болуы мүмкін деп санайды. Анасының сөзінше, отадан кейін медициналық тампон тыныс алу жолдарына түсіп кеткен. Соның салдарынан, қыз дем ала алмай, миына оттегі жетпеген, кейін ішкі мүшелері зақымданған.

«Сағат 12-де қызым операция жасайтынын айтып, хабарласты. Сағат 4-те ауруханаға қызыма тамақ дайындап апардым. Бірақ маған операцияның қалай өткені туралы ешкім айтпады, алдын ала ескертпеді де», – дейді марқұмның анасы.

Ұстазы мен туыстары не дейді?

Марқұмның ағасы Ержан Сахметов Айжанның реанимацияда 19 күн бойы өмір үшін күрескенін айтты. Ал анасы қарапайым отадан қызы жан тапсырады деп ойламаған.

«Ауруханаға өз аяғымен кеткен қызым үйге қайтып келмеді. Артында төрт бауыры қалды. Олар да «апатайымыз қашан келеді?» деп жылап отыр. Бұл біз үшін өте қиын жағдай. Ешкімнің басына бермесін. Мұндай жағдай болады деп ойламадым», – дейді Мөлдір Сахметова.

2010 жылы туған Айжан Атыраудағы №25 Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте 11 сыныпта оқыған. Мектеп директоры Зина Айтпанова марқұмның жақсы оқушы болғанын еске алды.

«Айжан өзінің еңбекқорлығымен, білімге деген құштарлығымен және кішіпейілдігімен ерекшеленетін еді. Жарқын мінезімен айналасына тек жылулық пен қуаныш сыйлай білді. Әлі де бағындырар биіктері көп еді», - деп өз естелігін айтты. 

Марқұм қыз туған жерінде 9 қыркүйек күні жерленді.

Дәрігерлер не дейді?

Қайғылы жағдайдан кейін басы дауға қалған Атырау облыстық балалар ауруханасы мәселенің қалай болғанын әлеуметтік желіде айтып берді. Аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Төреханқызының айтуынша, қайғылы жағдай болған күні ол жұмыста болған. Оның сөзінше, операциядан кейін қыз наркоздан оянып, дәрігерлердің сұрақтарына жауап берген.

«Қыз интубациялық наркозда болды. Аппарат арқылы тыныс алып жатқандықтан, белгілі бір уақытта оны аппараттан ажыраттық. Сол кезде өзі трубка арқылы дем алды. Дәрінің әсері басылғаннан кейін трубка алынды. Трубка алынған кезде қыз өздігінен тыныс алып жатты, қасында мейірбике болды», – деді ол.

Оның сөзіне сенсек, дәрігер науқастың жағдайын бағалап, жағдайы тұрақты болғаннан кейін палатадағы басқа науқасты қарауға кеткен. Арада шамамен 10 минут өткен соң мейірбике марқұм баланың тынысы қиындап, көгере бастағанын байқаған.

«Сол кезде дәрігер келіп, дер кезінде көмек көрсетті. Қыз дұрыс тыныс ала алмағандықтан, қайтадан аппаратқа қосылып, реанимация бөліміне ауыстырдық. Одан кейін емдеу шаралары жалғасты», – деді Гүлмира Төреханқызы.

Аурухана өкілінің айтуынша, бұл медициналық мекемеде шұғыл операцияларды есептемегенде күн сайын 10-нан астам жоспарлы операция жасалады. Сөзінше, бұған дейін операциядан кейін ешбір науқаста мұндай жағдай болмаған. 

«Әр операциядан кейін әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Мұндай жағдайдан ешкім толық сақтандырылмаған. Дегенмен бұған дейін бізде осындай жағдай болмаған. Дәрігерлердің барлығы тәжірибелі мамандар, күнделікті операция жасайды», – деді ол.

Гүлмира Төреханқызының айтуынша, қыз реанимацияға түскен күні-ақ аурухана мамандары Астанадағы орталық клиникалармен байланысқа шыққан. Мамандармен ресми түрде де, телефон арқылы да кеңескен.

Сонымен қатар 24 тамызда Алматыдан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты реанимация және анестезиология саласындағы бас штаттан тыс маман Атырауға келген. Оған дейін де жергілікті дәрігерлер орталық маманмен күн сайын байланыста болған.

Аурухана өкілі науқасты орталық клиникаға ауыстыру мәселесі де қаралғанын айтты. Алайда қыздың жағдайы тасымалдауға мүмкіндік бермеген.

«Баланы орталық клиникаға көшіруге жағдайы келмеді. Себебі ұшақпен ұшқан кезде қысым әсер етеді, бұл оның жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін. Сондықтан біз оны тасымалдай алмадық», – деді ол.

Аурухана өкілі операция жасаған дәрігер реанимация бөлімінде шамамен 40 жыл еңбек еткен тәжірибелі маман екенін және келесі жылы зейнетке шығуды жоспарлап отырғанын растады.

Қайғылы жағдайдан кейін Azattyq Rýhy редакциясы Атырау облыстық полиция департаментімен байланысып, жауаптыларға қандай шара қолданылғанын сұрады. Алайда полиция департаменті медициналық сараптамалардың нәтижесін күтіп отырғандарын мәлімдеді. 

Денсаулық сақтау министрлігінен мән-жайды сұрағанымызда: «Осы жағдайға байланысты Денсаулық сақтау басқармасынан Департаментке тексеру жүргізу туралы хат келіп түсті. Қазіргі таңда тексеруді тіркеу, комиссия құрамын анықтау және тәуелсіз сарапшыларды тартуға қатысты ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Департамент толық ақпаратты әзірге дайындау үстінде»,- деп жауап жолдады. Редакция оқушы қыздың өліміне қатысты жағдайды назарда ұстайды.