Оның айтуынша, тексеру талаптары, ережелер мен әкімшілік рәсімдер көп жағдайда үйді басқаратын органдардың нақты өкілеттіктеріне сай келе бермейді
Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінде бірқатар мәселе әлі де шешімін таппай отыр. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева осы мәселелерді көтеріп, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сөз басында жаз мезгілінде Қазақстан бойынша «Біздің қала» жобасы аясында «Әділет» партиясының мүшелері МИБ, ПИК төрағаларымен және көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен жұмыс жүргізгенін айрықша атап өтті.
«Біз ондаған кездесу өткіздік. Оның қорытындысы ретінде Астана қаласында тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық форум өтті. Оған тұрғын үй саласында тәжірибесі бар мыңнан астам маман мен сарапшы қатысып, саланың ең маңызды бағыттарын талқылады. Біз тұрғындар мен сала өкілдерінің 200-ге жуық өтініші мен ұсынысын жинақтап, жүйеледік. Ұсыныстар қазір де келіп жатыр. Көтерілген мәселелердің бір бөлігі заңнамалық шешімдерді қажет етеді, сондықтан фракция бұл бағыттағы жұмысқа кірісті. Алайда мәселелердің едәуір бөлігі заңдарға емес, әкімшілендіру сапасы мен заңға тәуелді нормативтік реттеуге байланысты», – дейді Екатерина Смышляева.
Ол сөзін жалғай отырып, бірқатар мәселені тізбектеп шықты.
Біріншіден. Төраға үйдің күтіміне, өрт қауіпсіздігіне және инженерлік жүйелерге жауап береді, алайда көптеген шешім меншік иелерінің дауыс беруіне және тұрғындардың өз әрекетіне байланысты. Сонымен қатар бақылаушы органдардың талаптары көбіне дәл төрағаға қойылады, дейді ол.
Тексеру талаптары, ережелер мен әкімшілік рәсімдер көп жағдайда үйді басқаратын органдардың нақты өкілеттіктеріне сай келе бермейді.
«Екінші. МИБ төрағалары қайта сайланғаннан кейін мемлекеттік, банктік және басқа да жүйелердегі деректерді өзгерту кезінде қиындықтар туындайды. Жаңа төраға іс жүзінде бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болуы мүмкін. Құжаттарын уақытында тапсырған, бірақ өтініштері қабылданбаған ПИК-терді қайта тіркеу мәселесі де әлі шешілген жоқ», – дейді ол.
Үшінші. Үйді басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізу мәселесі өзекті болып отыр. Тіпті қарыздарды өндіріп алу туралы айтпағанның өзінде апатты жағдайлардың өзінде пәтер иесін табу қиынға соғуы мүмкін, дейді депутат.
«Әділет» партиясының бағдарламасында үйді басқарудың бірыңғай цифрлық ортасын, оның ішінде меншік иелерінің электрондық тізілімін және электрондық дауыс берудің ыңғайлы тетігін құру міндеті қойылған.
«Төртінші. Банктер үйдің шоттарын ашу және жүргізу, уәкілетті тұлғаларды ауыстыру, сондай-ақ төрағалардың өкілеттігін растау кезінде әлі де әртүрлі рәсімдерді қолданып, түрлі құжаттар топтамасын талап етеді. Бесіншіден. Қасбеттерді, шатырларды, лифтілер мен инженерлік жүйелерді жөндеу, яғни үйге жүргізілетін күрделі жөндеу жұмысы қомақты қаражатты қажет етеді. Бұл ретте ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімді тетіктері жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар жөндеу жұмысын басымдықпен жүргізу және апатты жағдайлардың алдын алу үшін қажетті тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі туралы жүйелі мәлімет жоқ», – дейді Құрылтай депутаты.
Алтыншы. Тұрғын үй қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлердің штат саны әлі де олардың нақты жұмыс көлеміне сәйкес келмейді. Бұл ретте тұрғын үй қорын басқару мәселелерінің ауқымы әлдеқашан жеке қызмет құру қажеттілігін көрсетіп отыр.
«Жетінші. Пайдалану талаптары қазіргі заманғы тұрғын үй кешендеріндегі мәселелерді әрдайым ескере бермейді. Бұл, мысалы, жеке қазандықтарға, күрделі инженерлік жүйелерге, контейнерлік алаңдарға және басқа да ортақ инфрақұрылымға қатысты. Тағы бір мәселе – тұрғын үйлердің ішінде орналасқан коммерциялық нысандар. Әсіресе бірінші қабатта орналасқан кафелер мен мейрамханалар тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Олардың жұмысы кезінде шу мен жағымсыз иіс пайда болады. Сонымен қатар мұндай нысандардың жұмысы үйдегі су, кәріз, желдету және электр жүйелеріне қосымша салмақ түсіреді», – дейді депутат.
Екатерина Смышляева осы ұсыныстарға қатысты Үкіметтің ұстанымын білдіруді сұрады:
«Өз тарапымыздан фракция жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге және қолдауға дайын», – деп Екатерина Смышляева сөзін түйіндеді.
Айта кетейік, фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің апатты жағдайда екені, оны жөндеу үшін 600 млн теңге қажет екені белгілі болды.