Сотта тұрғын үйдің басшысы куәлік етті
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы Сәуле Жұбаниязова куәлік етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәуле Жұбаниязова Тәуелсіздік, 24 мекенжайындағы ғимаратта 2020 жылдан бері тұратынын атап өтті.
Тұрғын үйдің бұрынғы басшысы Гүлжауһар Ахметова 2025 жылы оған құжаттарды тапсырып, үйді оның меншігіне қалдыратынын айтқан.
«2025 жылы Ахметова пәтерді сататын кезде барлық құжатты маған беріп жіберді. Онда 5 құжат болды. Атап айтқанда, конданимум келісімі, бейнебақылау камерасы бойынша, жаңа лифт бойынша, мердігерлермен келісім және техникалық паспорт дубликаты болды. Кейін бірден акт толтырдық. Ол кезде бізде МИБ болмады. Оны кейін құрдық», - деді ол.
Айтуынша, былтыр сәуір айында жиналыс болып, тұрғындар оның төрайым болуын қолдаған.
«72 тұрғын мені қолдап дауыс берді», - деп атап өтті ол.
Сәуле Жұбаниязова МИБ-ты құрғаннан кейін барлық ұйымдастыру жұмысымен айналысқанын жеткізді.
«МИБ-ты құрған кезде бізде ақша болмады, сондықтан барлық жұмысты жүргізуге уақыт керек болды. Ұйымдастыру жұмысына қатысты келісім жасап бастадық. Шілденің соңы мен тамыз айының басында бізге 500 мың теңге көлемінде ақша түсе бастады. Ол әрине, жалақы ретінде жұмсалды. Дератизация, салық төлемдерін бастадық. Банк бойынша шығындарды өтедік, - деді Жұбаниязова.
Ол тұрғын үйдің жағдайы жақсы деп ойлағанын алға тартты.
«Ахметова маған үйді берген кезде нысанның жағдайы жақсы екенін айтып кетті. Сен тек гүл отырғызасың деді. Үйдің апатты жағдайына қатысты сараптаманы алған жоқпын. Маған берілмеді. Тұрғындардың тарапынан шағым болған емес. Жарықтар мен сызаттар пайда болды деген шағым айтылмады. Бұған дейін ғимараттың еш жері құламаған. Тіпті фасадтың бұрышы құлайды деп те ойламадым. Қазір нысанның жинақтаушы есебінде 3 млн теңге бар. Бірақ ол ақша ештеңеге жетпейді», - деді ол.
Сөзіне сүйенсек, апатты жағдайдан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де үйдің құлаған жері әлі де солай тұр. Фасад, демонтаж жұмысы өте қымбат тұрады. Тұрғындардың ақшасы оған жетпейді.
«Құрылыс нысандарымен және әкімдіктің кездесуі нәтижесінде жүргізілген алдын ала болжамды есеп бойынша жөндеу жұмысына 600 млн теңге қаржы қажет. Бұл қаржының көлемін "технадзор" қызметкері Денис Маравьев атады», - деді Жұбаниязова.
Бұған дейін сот отырысында құрылыс саласының тәуелсіз сарапшысы апатты жағдайдан кейін тұрғын үйге жүргізілген сараптаманы оқыған еді.