«Кешке whatsapp-қа жазбаңыздар»: мұғалімдерді қолдаймын деген Сүлейменованы ұстаздардың өзі «талап» жатыр (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

«Бізді ата-ана емес, әкімшілік мазалайды» дейді мұғалімдер

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чатына регламент орнату керек дейді. Осы пікірін жария ету үшін ол видео түсіріп, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына салған. Яғни, осы видеосы арқылы министр ата-ана жұмыстан кейін ортақ чатқа сұрақ қойып, мұғалімнің мазасын алмасы екен дейді. Бірақ, оның видеосы мүлде басқа проблеманы, яғни, ата-ана чатынан гөрі, «шұғыл тапсырмаға» көміліп, «тез, тез» деген талаптан көз ашпайтын жұмыс чатының сорақы күйін көрсетті. Сүлейменованың видеосына пікір жазған мұғалімдердің көбі оларды ата-ана емес, министрлік пен білім басқармаларының бітпейтін міндеттері мезі қылды дегенді алға тартып отыр. Azattyq Rýhy біраз пікірге үңіліп, ата-ана чаты мен жұмыс чатының салмағын таразыға салып көрді.

«Бір-бірімізді сыйлайық»

Жалпы, Жұлдыз Сүлейменованың бұл видеосы 13 сағат бұрын жүктелген. Қаралымы сағат санап көбейіп жатыр.

«Құрметті ата-ана, құрметті ұстаздар! Жұмыс уақытынан кейінгі ата-аналар чаты мен ата-ана және педагог арасындағы өзара қарым-қатынас туралы өз позициямыды айта кеткенді жөн көрдім. Негізі, Оқу-ағарту министрлігі ата-ана мен ұстаздардың араласуына қатты шектеу қойғысы келмейді, біздің мақсат ол емес. Керісінше, біз мектеп пен отбасының арасында үнемі конструктивті байланыс болғанын қалаймыз. Бірақ кез келген байланыс өзара сыйластық пен белгілі бер ережеге негізделуі керек», - деген министр мұғалімнің бір күнін сипаттап берген.

Яғни, орта мектептегі бір мұғалім орта есеппен күніне алты сағат сабақ береді. Алты сабақтың артында үлкен еңбек пен күш-қуат жатыр дейді министр.

«Өзімізді мұғалімнің орнына қойып көрейікші. Бір мұғалім бір жұмыс күнінде орташа есеппен алты сабақ өтеді. Бұл – алты аудиторлық сабақ. Осы сабақтарды өткізу үшін ол кемі бірнеше сыныпқа барады. Осылайша, күніне жүздеген балаға сабақ береді. Әр сабаққа ұстаз жан-жақты дайындалып бару керек. Жаңа тақырыпты үйрету үшін ол жаңа мәлімет жинайды. Түсінбеген балаларға қайта түсіндіреді. Одан кейін мұғалімнің екінші сабағы басталады. Жаңа сынып, жаңа оқушы, жаңа сабақ. Егер бір сыныпта орта есеппен 25 бала оқиды десек, алты сабақ берген мұғалім күніне кемі 150 баламен байланыс орнатады. Және олардың әрқайсысына көңіл бөліп, олардың сұрағын тыңдап, жауап беру керек. Бір балаға баға қою керек, енді біріне тақырыпты қайта түсіндіріп, тағы бірінің сұрағын тыңдап үлгеру керек. Ал кешке мұғалім дәптер тексеруге отырады. Бақылау жұмысын тексереді. Содан кейін келесі күннің сабағына дайындалады. Ең бастысы, осыншама жұмыстың арасында жүрген ұстаздың да өз отбасы бар», - дейді Сүлейменова.

Сондықтан, министр ата-аналар кешке жақын чатқа «тыныштық» беріп, мұғалімнің тынығуына жағдай жасау керек деп санайды.

«Егер біз ұстазымыздың ертең де баламыздың алдына жарқырап келіп, жаңа қуатымен жаңа сабақ үйреткенін қаласақ, олардың тынығуына да мүмкіндік беруіміз керек. Сондықтан, ата-аналар чатына қатысты мәселе – мұғалім мен ата-ананың байланысын шектеу емес, қарапайым ғана сыйластық мәселесі. Иә, әрине, балаға қатысты өте маңызды мәселелер болады. Ондай жағдайда ұстаз үнемі тез жауап береді. Сондықтан, ата-ананың көбі біздің осы регламентті түсінеді және қолдайды деп сенемін. Ата-аналар чаты мен мұғалімнің жұмыс уақытына қатысты осы регламентті орнату керек», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Алайда, қазірдің өзінде 250 мың адам көріп, 550 адам пікір жазған бұл видео мұғалімдердің жұмыс уақытына қатысты басқа проблеманы қозғап жіберген сияқты. Себебі пікір жазған ұстаздардың барлығы дерлік оларды кешкі уақытта ата-анадан гөрі мектеп әкімшілігі, яғни, мектеп әкімшілігіне «тез-тез» деп тапсырма беретін білім басқармасы мен министрліктің өкілдері мазалайтынын жазған.

«Бүгін тек сегізінші қыркүйек болды. Бірақ осы күндер ішінде «ШҰҒЫЛ», «ТЕЗ, ТЕЗ» қаншама құжат тапсырып жатырмыз. Бәрінен сөз еститін әкімшілік пен сынып жетекшілер», - деп жазған ұстаздың бірі.

Тағы бір мұғалім осы регламент тек ата-аналар чатына қатысты емес, жұмыс чатына қатысты орнаса дейді. Яғни, оның айтуынша, ұстаздарды ата-ана емес, әкімшілік көп мазалайтын көрінеді.

«Осының бәрі жұмыс чатына да қатысты болса жақсы болар еді. 24/7 сол чаттан ақпарат келіп жатады. Ата-ана сыйлайды, аса мазаламайды», - деп жазған мұғалім.

Жалпы, ұстаздардың көбі бұл регламентті ең алдымен ата-ана чатынан емес, жұмыс чатына қолдану керек дейді. Көбінің айтатыны – мектеп әкімшілігі білім басқармасының шұғыл тапсырмасы дей отыра мұғалімдерге сол жұмыс чаты арқылы тапсырманы үйіп-төгіп, оның үстіне, «бәрі тез, бәрі маңызды» деген талап қояды. «Бұл бізге кәдімгідей психологиялық қысым тудырады» деп жазған мұғалімдер.

Тіпті, сынып жетектейтін біраз ұстаз жұмыс күні, жұмыс уақытынан бөлек, сенбі-жексенбі де демалмаймыз дейді.

«Сенбі, жексенбі бас көтермей жұмыс істеп, жарты пачка қағаз шығарып апардым. Алтын уақытымды жұмсам, көз майымды тауыстым. Аптасына бір рет, дүйсенбі күні бірінші сабақ ретінде міндетті түрде сынып сағатын өткіземіз. Әлеуметтік педагогтың құжаты, әр оқушыға қосымша 5,6,7 бет, бала басына 3 бет парақ шығарып, оны толтыру деген уақыт пен денсаулығымызды алып жатыр. Бітпейтін қағаз, тоқтамайтын қағаз болды. Осыншама жұмыстың құны 10 мың теңгеге детпейді. Сынып алып отырған ұстаздарға обал емес пе!?», - деп жазған мұғалім.

Осылайша, көріп отырғанымыздай, ата-аналарға үндеу жасап, кешкі уақытта ұстаздарды мазаламау керек деген министрдің өзін мұғалімдер кері пікір арқылы «талап» жатыр.