Сауалнама: қазақстандықтардың көбі өмір сүру жағдайына шағым айтпаған

Автор: Бақыт Шынар

Респонденттердің 68% болашақта жақсы өзгеріс болады деп сенеді

Фото: © istockphoto.com / freedarst

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың көбі өмір сүру жағдайына шағым айтпаған. Біразы соңғы үш жылда жақсы өзгеріс болды десе, тағы да жартысы бұдан да жақсы өзгерістер болатынына сенген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауалнаманың тақырыбы «Елді мекендердің дамуы мен халыққа арналған инфрақұрылымдағы өзгерістерді бағалау» болған.

Зерттеудің қорытындысы бойынша,  сауалнама қатысқандардың 68% соңғы үш жылда елдегі инфрақұрылымға қатысты жағдай жақсарған деп жауап берген.

«Респонденттердің 82% қазіргі өмір сүру жағдайына көңілі толатынын айтса, тағы  68% алдағы үш жылда жағдайдың одан әрі жақсаратынына сенеді», - деп жазылған орталықтың ақпаратында.

Ұлттық талдау орталығына қарасты Мемлекеттік саясат орталығының бас зерттеушісі Роза Тілеуханның айтуынша, халық өзі өмір сүріп жатқан жердің саябағы жақсарып, жолдар сапалы бола түскенін, жан-жақтың көгалданғанын айтқан.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, бұл зерттеу биыл жазда телефон арқылы жасалған. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 1 000  ересек қатысқан.