2026 жылдың басынан бері АИТВ-мен өмір сүретін аналардан 15 сәби дүниеге келген
Шымкентте АИТВ диагнозымен өмір сүріп жатқан 741 әйел дені сау бала дүниеге әкелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың айтуынша, жүктілік кезінде қажетті ем қабылдап, дәрігер бақылауында болған жағдайда вирустың анадан балаға берілу қаупін барынша азайтуға болады.
Шымкент қалалық АИТВ-ның алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталық мамандарының мәліметінше, қалада жүкті әйелдер жүйелі түрде АИТВ инфекциясына ттексеріледі. Жүктілік кезінде әйелдер екі рет міндетті скринингтен өтеді. Сонымен қатар олардың жұбайларына да АИТВ-ға тексерілу ұсынылады.
АИТВ анықталған жүкті әйелдер арнайы профилактикалық және емдік шаралармен қамтылады.
«АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта қаладағы барлық жүкті әйелдер АИТВ инфекциясына міндетті түрде екі тексеріледі. Олардың жұбайлары да АИТВ-ға тексеріледі. АИТВ анықталған жүкті әйелдер арнайы профилактикалық шаралармен қамтылады», – деді Шымкент қалалық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.
Мамандар жүктілік кезінде АИТВ-ға тексерілу, дәрігердің ұсынымдарын орындау және тағайындалған емді үзбей қабылдау маңызды екенін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылдың басынан бері АИТВ-мен өмір сүретін аналардан 15 сәби дүниеге келген. Олардың барлығының дені сау, ешқайсысына анадан инфекция берілмеген.