«Денесінің жартысын ісік алып жатты»: Алматының дәрігерлері жаңа туған сәбиден 2 келі ісі алып тастады

Автор: Темірхан Айжан

Бұл ең қиын операцияның бірі болған 

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстандық хирургтер жаңа туған сәбидің денесінен 2 келі ісікті кесіп алды. 18 тамызда дүниеге келген қызы баланың өз салмағы 4 келі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сәби дүниеге келген сағаттан-ақ неонаталдық реаниматологтар мен хирургтардан құралған мамандар тобы перзентханаға барып, баланы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына алып кеткен. Баланы реанимациясы бөліміне жатқызып, ккүрделі операцияға дайындады.

Дәрігерлердің айтуынша, ота дереу жасалмаса, 6 айдан кейін ісік онкологиялық ауруға айналып кетуі мүмкін. Келесі күні дәрігерлер сәбиге операция жасап, ісікті алып тастады.

«Бұл біздің тәжірибеміздегі ең күрделі операциялардың бірі болды. Бұл сегізкөз-құйымшақ аймағындағы тератома, ол сүйек пен жұмсақ тіндерді, сондай-ақ кистозды қуыстарды қоса алғанда, әртүрлі тіндерден құралады. Ісіктің салмағы 2 келі – баланың өз салмағымен шамалас болды. Туған кездегі салмағы 4 келі болғанын ескерсек, денесінің тең жартысы ісік болды. Операция сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластикалық ота жасадық. Тігістің орны байқалмайды, болашақта кедергі болмайды», - деді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Қазір баланың жағдайы жақсы. Жақындары бала үйіне алып кетуге дайындалып жатыр.