Тексеру құпия өтеді
Астана қаласы әкімдігіне қарасты «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» елорда азаматтарын АИТВ-ға тегін тексеріп береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дәрігерлердің дабыл қағып отырған себебі – ВИЧ инфекциясын жұқтырған астаналықтардың көбі дәрігерге кеш қаралатын көрінеді.
«2026 жылдың алғашқы 8 айында Астанада жаңадан анықталған АИТВ жағдайларының жартысынан астамы инфекцияның кеш сатысында тіркелген. Бұған азаматтардың медициналық көмекке кеш жүгінуі және қауіп факторлары болған жағдайда да тұрақты түрде тест тапсырмауы себеп болып отыр. АИТВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы ешқандай айқын белгісіз өтуі мүмкін», - деп ескертеді орталық.
Орталық мамандары халыққа тестілеуге дейін және одан кейін кеңес беріп, АИТВ-ның жұғу жолдары мен одан сақтану тәсілдерін түсіндіреді. Қажет болған жағдайда қайта тексерілуге қолайлы мерзімді де белгілеп бермек.