Бүгін, 18:00
Қоғам

«Жақыныңыз апатқа түсті»: енді 1414 қазақстандықтарға шұғыл sms жібереді

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады

«Жақыныңыз апатқа түсті»: енді 1414 қазақстандықтарға шұғыл sms жібереді
Фото: жасанды интеллект

Енді Қазақстан азаматтары жол апатына түсіп немесе аяқасты ауруханаға жатып қалса, 1414 ол адамның туысына шұғыл ақпарат жібереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Ол үшін азамат eGov порталына тіркеліп, үш сенімді өкілінің ЖСН нөмірін ұсынуы керек.

«eGov электрондық порталында және eGov Mobile мобильдік қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды. Егер адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен нашар сезінсе немесе басқа да себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өз бетінше хабарласа алмаса, енді eGov оның ауруханаға түскені туралы жақын адамдарына хабарлама жібереді», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл сервисті іске қосу үшін қазақстандықтар eGov порталына кіріп, «Емдеуге жатқаны туралы хабарлау үшін» үш сенімді өкілін таңдау керек.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, бұл сервисті Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірге жасап шығарған.