Биыл Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
Биыл еліміздегі мектептердің саны 8 мыңнан асқан
2026-2027 жылғы жаңа оқу жылында Қазақстанда 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып.
2024-2025 оқу жылындағы мектеп санымен салыстырғанда, 128 жаңа мектеп салынған.
«2026 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 18 090 оқушыға арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ 4 207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Оның ішінде 14 мектеп пен 26 мектепке дейінгі ұйым ауылда салынған», - деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Жалпы, ресми дереккөзге сүйенсек, жаңа мектептің ең көбі Түркістан және Атырау облыстарында салынған көрінеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында мектептерге 4,1 млн-нан астам бала қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. 2025-2026 оқу жылында мектептерде 3,9 млн-нан астам оқушы білім алды, оның ішінде 363 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барған болатын.