Арнайы жолақ 31 тамыздан бастап алынып тасталады
Алматыда Саин көшесіндегі қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ 31 тамыздан бастап алынып тасталады. Әкімдік алдағы уақытта бұл магистральда қоғамдық көлікке басымдық беретін қозғалыс жүйесін кешенді схема аясында ұйымдастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба аяқталды.
«Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қала қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімділігін растады және арнайы жолақтарды одан әрі дамытудың форматын – бірыңғай кешенді схема аясында жүзеге асыруды айқындады», – деп хабарлады қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы.
Саин көшесіндегі арнайы жолақ қаланың көлік ең көп жүретін магистральдарының бірінде қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімділігін бағалау үшін пилоттық режимде ұйымдастырылған.
Мониторинг нәтижесі арнайы жолақ енгізілгеннен кейін қоғамдық көлік жұмысының негізгі көрсеткіштерінде оң өзгеріс болғанын көрсетті.
«Ең айқын нәтиже қарбалас уақытта байқалды. Таңғы қарбалас уақытта қоғамдық көліктің жол учаскелеріндегі қозғалыс жылдамдығы 26,2-ден 31,8 км/сағ-қа дейін, яғни 5,6%-ға артты. Кешкі қарбалас уақытта орташа жылдамдық 25,0-ден 30,4 км/сағ-қа дейін, яғни 5,4%-ға өсті.
Сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысының тұрақтылығы жақсарды. Бір күн ішіндегі орташа қозғалыс аралығы 13,6 минуттан 12 минутқа дейін, яғни шамамен 12%-ға қысқарды. Ал таңғы қарбалас уақытта 13,6 минуттан 11,6 минутқа дейін немесе 14,7%-ға азайды.
Жолаушылар ағынында да оң динамика байқалды: тәулігіне жолаушылар саны 42 396-дан 44 515,8-ге дейін немесе 5%-ға артты», – деп мәлімет келтірді әкімдік.
Әкімдік мәліметінше, қозғалыс жылдамдығы мен тұрақтылығының артуымен қатар жолаушылар ағынының өсуі осы бағыттағы қоғамдық көлікке сұраныстың артқанын көрсетеді.
«Осылайша, пилоттық жобаның нәтижелері арнайы жолақтың қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығы мен тұрақтылығын, әсіресе қарбалас уақытта арттырудың тиімді құралы екенін растады.
Сонымен бірге пилоттық жоба арнайы жолақтарды жекелеген учаскелер ретінде емес, қаланың негізгі магистральдарында қоғамдық көлікке басымдық беретін өзара байланысқан жүйе ретінде одан әрі дамыту қажеттігін көрсетті», – деп хабарлады әкімдік.
Осыған байланысты Саин көшесі әл-Фараби даңғылы – Саин көшесі – Рысқұлов даңғылы – Шығыс айналма жолы бағыттары бойынша қоғамдық көлікке басымдық беруді көздейтін айналма бағыттағы кешенді схеманың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
31 тамыздан бастап Саин көшесіндегі арнайы жолақ алынып тасталады. Бұл пилоттық форматтан келесі кезеңге – жол желісінің басқа учаскелерін және кешенді схеманы жүзеге асыруға қажетті нормативтік талаптарды дайындауға көшуге байланысты.
«Ол үшін жол желісінің басқа учаскелерін кезең-кезеңімен дайындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы қолданыстағы стандарттары мен нормативтік құжаттарына қажетті өзгерістер енгізу керек. Қажетті нормативтік шешімдер қабылданып, тиісті инфрақұрылым дайындалғаннан кейін Саин көшесіндегі қоғамдық көлікке басымдық беретін қозғалысты қаланың негізгі магистральдарындағы арнайы жолақтардың өзара байланысын қамтамасыз ететін кешенді схема аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр», – деді әкімдік.
Алматы әкімдігі қоғамдық көлікті дамытуды және қала жолдарында оған басымдық беретін жағдай жасауды жалғастырады.