Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебі ашылады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын атап өтті

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн. Осы орайда, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды? Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын. Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жеткіліксіз, сондықтан Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі тәжірибесін ескеру қажет.

«Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.