«Ауыл» партиясының кандидаттары Шығыс Қазақстанда инклюзия мәселелерін талқылады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жиында қолжетімді ортаны дамыту, инклюзивті білім беру, кәсіптік даярлау, жұмыспен қамту және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді қолдау көрсету мәселелері сөз болды

Фото: «Ауыл» партиясының әлеуметтік желісінен

Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар инклюзивті қауымдастық өкілдерімен, мүгедектігі бар азаматтармен және ерекше балалардың ата-аналарымен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында қолжетімді ортаны дамыту, инклюзивті білім беру, кәсіптік даярлау, жұмыспен қамту және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Қайрат Айтуғанов инклюзияны қайырымдылық емес, азаматтардың тең құқығын қамтамасыз ету мәселесі ретінде қарау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметтер адамның нақты қажеттілігіне бағытталуы тиіс. Сонымен қатар қолжетімді орта тек пандустармен шектелмей, мүгедектігі бар азаматтарға білім алуға, еңбек етуге және қоғам өміріне толыққанды қатысуға мүмкіндік беруі керек екені айтылды.

Кандидат Фарид Әбітаев өңірдегі инклюзивті жобалардың маңызына тоқталса, Захира Бегалиева мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және олардың экономикалық дербестігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, инклюзивті қоғамды дамытуға қатысты пікірлерін білдірді. Айтылған ұсыныстар «Ауыл» партиясының алдағы жұмысына енгізу үшін жинақталатыны хабарланды.