Мұқтаж жандар «Qurban2020.kz» сайтына әлеуметтік жағдайын растайтын құжатын тіркеуі шарт – имам

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды 

Биыл елімізде коронавирус пандемиясының кесірінен Құрбан айт мерекесінде жамағат үшін мешіттердің есігі жабық тұр. Мұндай құбылыс ел тарихында алғаш рет болып отыр. Көп азаматтар үшін құрбан шалу рәсімі де әдеттегіден өзгеше өтуде. Сондықтан көпшіліктің көкейін малдың қайда сойылатыны, оның еті кімге, қалай таратылатыны жөніндегі сауалдар мазалайтыны анық. Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбайұлымен сұхбаттасқан еді.

- Құрбан айт мерекесінің маңыздылығына тоқталып өтсеңіз?

 - «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, құрбандық шалғандағы ықылас-ниетіміз Алла Тағалаға жетіп, Жаратушымыздың ризашылығына бөленіп, оған жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Яғни, жоғарыда атап өткеніміздей, Құрбан айт мерекесінде жасалатын басты амалдардың бірі – құрбан шалу.

Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Бірақ бұл жерде ескерілетін бір жайт бар, ол – біздің құрбан шалғандағы ниетіміз. Шындығында, Алла тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Алайда, біздің бұл амалды ғибадат ретінде сезініп, шынайы ниетіміздің Аллаға жететініне күмәніміз жоқ. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, жоқ-жітіктерге деген жанашырлығы сыналады. Құрбан айт мерекесінің бірден-бір мақсаты да осы.

- Жағдайы төмен адамдар да құрбандық шалуға міндеттеле ме?

- Біріншіден, мұсылман болу шарт, балиғат жасына толу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау. Негізгі қажеттерден тыс, нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік. Айт күні жуынып, шайынып, тазалану шарт. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

- Құрбандыққа шалынатын малға қойылатын талаптарға тоқталып өтсеңіз?

- Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет: Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді мал түрлері жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік және тағы басқа сол секілді аң-құстар құрбандыққа шалынбайды. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркегі де, ұрғашысы да құрбандыққа жарамды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі, бір жасар болуы қажет. Алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, жарайды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда ғана шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы қажет. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшілік болмауы тиіс.

- Алаяқтар оңай олжа табу үшін небір тәсілдерді пайдаланады. Оны әсіресе, пандемия уақыты көрсетті. Біреулер қолдан дәрі-дәрмек жасаса, енді біреулер заңсыз алыпсатарлықпен ақша тауып, қолдан келгенше айласын асырды. Шын мәнінде,  жәрдемге мұқтаж жандарға тиесілі көмекті алаяқтар қағып әкету қаупі бар ма?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта Qurban2020.kz сайты іске қосылғанын баршамыз білеміз. Құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданды. Сайтты ұйымдастырудағы мақсат – карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызу. Бұл жолы құрбандық шалу кезінде бұрынғыдай малды өзіміз таңдау, қасапшының көмегіне жүгіну секілді мүмкіндік болмайды. Осы күнге дейін құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңына арнап, айт дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биыл сойылған малдың еті түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі.

Осыған байланысты Qurban2020.kz сайтына тұрмысы төмен азаматтардан да өтінішін қабылданды. Яғни, мұндай азаматтар  өзінің аз қамтылған отбасынан екенін дәлелдейтін құжатын сайтқа жүктегені жөн. Кейін өтініш қабылданған соң еріктілер етті міндетті түрде өздері таратып береді. Бүгінгі күні облысымызда онлайн құрбан шалуға арнайы орын ашылды. Діни рәсім жергілікті әкімдік пен санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.  

- Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО