Тағы бір қаржы пирамидасы жүздеген қазақстандықты тақырға отырғызды

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірге 500 қазақстандықтың алданғаны белгілі болды

Фото ашық дереккөзден

«Инкомкэш» деп аталатын кезекті қаржы пирамидасы қазақстандықтар мен ТМД елдері тұрғындарын тақырға отырғызды, деп хабарлады «Евразия» телеарнасы. Алданған тұрғындардың кейбірі миллиондаған теңге салғандарын айтып шағымданып отыр.

Салымшылардың айтуынша, алғашында пирамида қожайындары тиесілі ақшаны беріп келген. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін олар ізім-ғайым жоғалыпты.

Ақтөбелік Зәуреш Чулакова танысына сеніп, алғашында пирамидаға 100 долларын салған. Бірнеше күннен кейін ақшасы екі есе болып қайтыпты. Осылайша, жеңіл жолмен ақша табамын деген ол ақыр соңында алданып қалғанын түсінген.

Ал Көкшетау тұрғыны Марат Хаметов пирамидаға 1,5 миллион теңгесін салған. Бұл ақшаны ол туысынан қарызға алған. Оның сөзінше, өзге салымшылар үйлері мен көліктерін сатып, ақшасын алаяқтарға ұстата салған.

Заңгер Ербол Сұлтановтың айтуынша, қаржы пирамидасы алғашында Ресейде құрылған екен. Кейін Қазақстанда сыбайлас тауып, ісін біздің елде жалғастырған. Әзірге оларға алданған 500 қазақстандық ресми тіркеліп отыр.