Тоқаев «Болашақ ойындарының» басты миссиясын атады

Автор: Azattyq Rýhy

Астанада алғаш рет өтіп жатқан халықаралық додаға 30-дан астам елден 800-ге жуық спортшы жиналды

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада басталған «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы жарыс спорт пен цифрлық технологияларды тоғыстырып қана қоймай, елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Болашақ ойындары – 2026» биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа әлемнің 30-дан астам мемлекетінен 800-ге жуық спортшы қатысуда.

Президент ең алдымен Қазақстанға келген спортшылар мен делегацияларға жылы лебізін білдіріп, жарыстың елордада алғаш рет өтіп жатқаны Қазақстан үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті:

«Ең алдымен, бәріңізге елордамыз – Астанаға шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін!

Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара.

Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе».

Қасым-Жомарт Тоқаев жарыстың ашылу рәсіміне қатысқан мемлекет басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтты. Президент Ресей басшысы Владимир Путиннің Қазақстанға және спортшыларға жолдаған арнайы құттықтауын да атап өтті.

«Жаңа ғана Ресей президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтауын жолдады. Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы – Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын», - деді ол.

Мемлекет басшысы «Болашақ ойындарының» Ресейдің бастамасымен жүзеге асқанын атап өтіп, жобаның қысқа уақыт ішінде жаһандық деңгейдегі сайысқа айналғанын айтты:

«Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты».

Президент биылғы додаға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, Астанадағы жарыс классикалық спорт пен кибериндустрияны біріктіретін фиджитал-қозғалыстың дамуына жаңа серпін береді:

«Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін».

Тоқаев қазіргі әлемдегі технологиялық өзгерістерге назар аударып, Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамытуға бағыт алғанын айтты.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда толық цифрланған мемлекет құру жұмысы басталып, осы бағытта Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды.

«Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды».

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласына қажетті мамандарды даярлау жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүздеген мың азамат тиісті дағдыларды меңгерген.

«Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат».

Президент биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылатынын, сондай-ақ елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтетінін айтты. Ал келесі жылы елордада Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындарының» ерекшелігі спорттық шеберлік пен зияткерлік әлеуеттің қатар сыналуында екенін атап өтті:

«Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында».

Мемлекет басшысы жарыстың жастар үшін маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, «Болашақ ойындары» қатысушыларды жаңа жетістіктерге ынталандырып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді:

«Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру».

Президент спорттың түрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын маңызды құрал екенін айтып, халықаралық жарыстың елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді:

««Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін».

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жарысты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Спортшыларға сәттілік тілеймін! Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз. Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!»