Жоғары жалақылы жұмысқа сенген ер адам алаяқтарға миллион теңгеден астам ақша жоғалтқан
Ақтөбе тұрғыны Литвада жоғары жалақылы жұмыс ұсынған хабарландыруды көріп, соған сенген. Жұмысқа орналастыру қызметі үшін ол 600 мың теңге аударған. Оған Литвада қарсы алып, жалақысы жоғары жұмыс тауып беруге уәде етілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Жұмыссыз азамат өз қаражатына Алматыға дейін пойыз билетін, одан әрі Литваға ұшақ билетін сатып алған. Бұған 365 мың теңге жұмсаған. Сондай-ақ уақытша тұруға рұқсат (ВНЖ) рәсімдеуге 94 мың теңге төлеген. Алайда Литваға барған кезде оны ешкім қарсы алмаған, уәде етілген жұмыс та ұсынылмаған. Ақшасы таусылып, бөтен елде түнеуге де жері болмаған.
Кейін туыстары оған елге қайтуға ақша жіберген. Ол Литвада бір апта болған.
Алаяқтардың құрбаны болған азамат Ұлттық тұтынушылар палатасына жүгінген. Палата мамандарының көмегімен сот арқылы ол жұмсаған барлық қаражатын қайтарып алып, моральдық шығын үшін қосымша 200 мың теңге өндіріп алған.
«Қазір бұл азаматтың жағдайы жақсы. Ол өз кәсібін ашты және енді күмәнді жұмысқа орналастыру туралы уәделерге сенбейді», – деді «Ұлттық тұтынушылар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ислам Болатов.