Бұл адам ұзақтан бері донор күткендердің тізімінде тұрған
Астананың дәрігерлері ұзақ уақыттан бері донор күтіп жүрген 60 жастағы ер адамның жүрегін ауыстырды. Бірнеше күн бұрын, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні ауруханада қайтыс болған адамның отбасы донор болуға келіскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, операция сәтті өткен.
«14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласы әкімдігінің «Көпбейінді медицина орталығы» базасында әлеуетті донор анықталды. Донордың отбасы келісім бергеннен кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы операцияны сәтті өткізді», - деп хабарлайды министрлік.
Осылайша, UMC орталығының трансплантологтары 1966 жылы туған пациенттің жүрегін сәтті ауыстырып берді.
«Денсаулық сақтау министрлігі донордың отбасына қабылдаған ізгі шешімі үшін шынайы алғысын білдіреді. Сондай-ақ Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мамандарына, донорлық аурухананың дәрігерлеріне, UMC трансплантаттау бригадасына, санитариялық авиация қызметкерлеріне және донорлық үдерістің табысты өтуіне атсалысқан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдіреді», - деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Жалпы, дереккөзге сүйенсек, қазір Қазақстан бойынша 4 739 адам, соның ішінде 125 бала донор күтіп жүр.