Ғалымның беделі қалыптасқан қоғамда ғылым ортақ құндылыққа айналады – зерттеуші

Автор: Темірхан Айжан

Ақтөре Көпбай өңірдегі білім сапасы туралы ойын бөлісті 

Фото: Ақтөре Көпбайдың жеке мұрағатынан

Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау мен ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі артып келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлініп, халықаралық тағылымдамалар мен тиімді тұрғын үй бағдарламалары іске асып жатыр. Бұл шаралар ірі қалалардағы ғылыми орталықтармен қатар, өңірлік университеттердің де әлеуетін көтерді. Дей тұрғанмен, сала мамандарының сөзінше, ғылымның сапасын түбегейлі жақсарту үшін қаржылық қолдаумен шектелмей, әр өңірдің ерекшелігіне сай ғылым салаларын дамыту қажет, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы, Анкара университетінің докторанты Ақтөре Көпбайдың айтуынша, соңғы бес-жеті жылда өңірлік жоғары оқу орындары дамыту жұмыстары жанданды.

«Елімізде өңірлік университеттердің сапасы біртіндеп қалыптасып келеді. Біздің тарихи тәжірибемізде Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана ғылым жасалып келді. Аймақтарымыз көбіне шектеліп қалды. Өңірлік жерлерде осындай тәжірибе қалыптастыру соңғы 5-7 жылда қарқынды қолға алынуда. Десе де үлкен қалалардағыдай деңгейге жете қоймады. Себебі тарихи тәжірибеде сирек болған дүниені бүгін бірден қалыптастыру мүмкін емес. Менің ойымша өңірлік университеттерде салалық ғылымдарды көбірек дамыту керек. Мысалы Ақтаудағы Ш.Есенов университеті теңіз мамандарын дайындауға көп күш салып жатыр. Осы сияқты әрбір өңірдің ерекшеліктерін ескеріп, салалық ғылымдарды дамыту болашақта өңірдің өзіндік беделін қалыптастырады. Жалпы өңірлеріміз үлкен қалалардағыдай ғалымдарды даярлай алу үшін оларды оқытатын кәсіби мамандарды қалыптастыру қажет. Сол кезде аймақтар жас ғалымдарды қалыптастыруға толықтай әзір болады», – дейді Ақтөре Көпбай.

Оның айтуынша, өңірлік жоғары оқу орындарының білім сапасын бағалағанда мәселені тек оқытушылардың кәсіби деңгейімен байланыстыру дұрыс емес. Бұл жерде оқу үдерісін ұйымдастырудан бастап, студенттердің ынтасы мен әлеуметтік ортасына дейінгі көптеген фактор әсер етеді.

«Өңірлік университеттегі білім сапасында Алматымен салыстырғанда біршама айырмашылық бар. Бұл тек өңірдегі оқытушылардың білімсіздігі дей алмаймын. Өңірдегі білім беру ісін ұйымдастыру, студенттің қызығушылығы, оқытушыға жүктелетін қосымша міндеттер, өңірдің менталитеті сияқты т.б. факторлар білім сапасына әсер етеді. Жақсы білім алу үшін тек қана үлкен қалаларда оқу керек деген пікір айтылады, оның да орны бар. Алайда үлкен қаладағы күнкөріс көзі де студенттердің сапалы білім алуына теріс әсер етеді. Студенттер мен мұғалімдердің көбісі қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Одан бөлек үлкен қаланың тағы бір артықшылығы – оқу орындары арасындағы бәсекелестік. Өңірлерде ол жағы төмендеу», – дейді ол.

Ақтөре Көпбай ғылымдағы жастарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет ғылыммен айналысатын жастарға арналған бірнеше маңызды бағдарламаны іске қосты. Бастамалар жас зерттеушілердің ғылымнан қол үзбей, ғылыми қызметпен тұрақты айналысуына сеьепші болады.  

«Ғылым жолына түскен жас ғалымдарға мемлекеттік қолдау өте маңызды. Біздің елімізде сондай бірнеше қолдау түрлері бар. Атап айтқанда, «Жас ғалым» жобасы, шетелдік тағылымдамалар, тұрғын үймен қамтамасыз ету, «ЖОО үздік оқытушысы», «үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі. Бұлардың ішінде жастарға қолжетімдісі «Жас ғалым» жобасы мен шетелдік тағылымдамалар деп ойлаймын. Мен өзім магистратура мен докторантураны шетелде оқыған соң осы бағдарламаларға қатыса алмадым. Бұл бағдарламалар тек отандық ізденушілерге қолжетімді. Шетелде оқу үшін «Болашақ» бағдарламасы қарастырылғанын білесіздер. Алдағы уақытта шетелде өз күшімен оқып жүрген жастарға да бұл бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылса жақсы болар еді. Ғылым жайлы тағы бір оң өзгеріс, жақында жас ғалымдардың жасын 44 жасқа дейін ұзартқан заң қабылданды. Бұл да болашақ ғалымдарға пайдасы тиетін заң болады деп үміттенемін. «Жас ғалым» жобасы PhD ғылыми дәрежесін қорғау үшін ізденіп жүргендерге үлкен қаржылай көмек көрсетеді. Өзіңіз білесіз, жас ғалым зор төзімділікпен қатар қаржылай қолдауға да зәру. Осы тұрғыдан алғанда «Жас ғалым» жобасы жастардың ғылымда толықтай қалуына кепілдік бермесе де, жақсы ынталандыру деп ойламын», – дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы бағдарламалардың кемшін тұстарына да назар аударды.

«Көптеген қатысушылар техникалық рәсімдеу талаптарынан бөлек зерттеу тақырыбының өзектілігін дәлелдеу қиын екенін айтады. Бұл жерде ғылыми талаптардың әсері бар деп ойлаймын. Бізде техникалық ғылымдар мен гуманитарлық ғылымдарға бірдей талап қойылатындықтан, кейбір жағдайларда гуминитарлық ғылым саласындағылар үшін зерттеудің өзектілігін көрсетуі қиынға соғады. Себебі гуманитарлық ғылымдар шектен тыс техникалық сипат алып барады. Оның мәнісі, ішкі мазмұны, идеясы әлсіреп, құрғақ нәтижелерге толы есеп беруге айналып кетуі мүмкін», – дейді Ақтөре Көпбай.

Докторант бірнеше жылдан бері Түркияда білім алып жүргендіктен, екі елдің жоғары білім жүйесіндегі ерекшеліктерді атап, тәжірибесін бөлісті.

«Түркия университеттерінің көптеген артықшылығы бар. Бұл да жоғары білім саласын ұйымдастырумен байланысты. Түркияда ғалымның сағаттық жүктемесі аз, шығармашылықпен айналысатын бос уақыты көп. Сонымен қатар жалақысы да айтарлықтай мол. Ғылым сапасы шетелдік рейтингпен өлшенбейді. Университет, факультет бренді қалыптасқан. Оқытушыға дәрістен бөлек міндеттемелер жүктелмейді. Мұның барлығы ұзақ жылдық стратегияның жемісі. Университет мемлекеттің саясатынан барынша тәуелсіз», – дейді ол.

Ақтөре Көпбай қазіргі таңда ғылым жолын таңдайтын жастардың саны көп емес екенін жасырмайды. Оның пікірінше, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен ақпарат ағынының жылдамдығы жастардың ұзақ уақытты талап ететін ғылыми зерттеулерге қызығушылығын төмендетіп отыр.

«Қазір, шынын айтсам, ғылыммен шұғылданғысы келетін жастар аз. Тез өзгеретін заманда өмір сүріп жатқанымыз, ауыр интеллектуалды еңбек пен күрделі талаптар қазіргі жастардың ғылымға келуін тежейді. Арасында тек бірен-сарандары ғана бар», – дейді зерттеуші.

Соған қарамастан, ол бүгінгі жастардың әлеуетіне жоғары баға береді. Оның сөзінше, қазіргі буын жаңа технологияларды тез меңгереді, ойын ашық жеткізеді және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайды.

«Қазіргі жастар он жыл бұрынғы буынға қарағанда ширақ, шешім қабылдауға бейім. Олар ойын ашық айтады, әділетсіздікке төзбейді. Мүмкін, аздап сабыр жетіспейтін шығар. Оларды тек қолдауымыз қажет», – дейді ол.

Жас зерттеуші ғылымға келуді жоспарлап жүрген жастарға бірнеше кеңес берді. Ғылым жолын таңдаған студент университет қабырғасынан бастап өзінің қызығушылығын анықтап, белгілі бір салаға мамандануға ұмтылғаны жөн. Бұған қоса, шет тілдерін меңгеріп мен уақытты тиімді пайдалануды үйрену керек.

Цифрлық технологиялардың дамуы жастардың дүниетанымына әсер етіп отырғанын айтқан сарапшы бұл өзгерісті біржақты бағалауға болмайтынын атап өтті.

«Цифрлық дәуірдің жастары дәстүрлі құндылықтардан қол үзе бастаған деуге болады. Себебі ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің кең таралуы және жаһандану үдерісі жастардың дүниетанымы мен өмір салтына елеулі ықпал етуде. Бұрын отбасы, мектеп және жергілікті қауым негізгі тәрбие институттары болса, бүгінде олардың орнын белгілі бір деңгейде интернет кеңістігі мен цифрлық платформалар басып келеді. Алайда бұл құбылысты барлық жастарға бірдей тән үрдіс ретінде бағалау дұрыс емес. Цифрлық дәуір дәстүрлі құндылықтарды толықтай жоққа шығармайды, керісінше оларды жаңа форматта танытуға және насихаттауға мүмкіндік береді. Сондықтан мәселе цифрлық технологиялардың өзінде емес, оларды қандай мақсатта және қалай пайдалануда жатыр», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, ғылымның дамуына бөлінетін қаржы ғана емес, ғалымдардың қоғамдағы орны да әсер етеді. Зерттеушілер қоғамдық мәселелерге үн қатып, ғылыми еңбектерді көпшілікке түсінікті тілде жеткізген сайын ғылымның да беделі арта түседі.

«Қазақ қоғамындағы ғалымдардың беделі әлі де қалыптасу үстінде. Бұл жерде ескеретін бір жайт бар: Кеңес дәуірінен қалыптасқан аға буын ғалымдардың ғылыми және қоғамдық беделі сол заманда қалыптасты. Олардың бүгінгі беделі өзінің тәжірибесін жастарға беру, ол кезде айта алмаған ойларын бүгін айту арқылы қалыптасады. Себебі ғылымда сабақтастықтың сақталуы өте маңызды. Ал бүгінгі жас ғалымдардың беделі әлі де қалыптасу кезеңін бастан өткеруде. Ғалымның беделін тек оның ғылыми жаңалығы немесе жариялаған мақалалары ғана емес, қоғамда болып жатқан маңызды мәселелерге қатысты ұстанымы, азаматтық позициясы және қоғамдық жауапкершілігі де айқындайды. Өйткені ғалым өз саласының маманы ғана емес, қоғамның интеллектуалдық көшбасшыларының бірі. Ғалымдардың қоғам өміріне белсенді араласуы, ғылыми білімін көпшілікке түсінікті тілмен жеткізуі және өз зерттеулерінің нәтижесін қоғамдық игілікке бағыттауы олардың беделін арттырады. Ғалымның беделі қалыптасқан қоғамда ғылым ортақ құндылыққа айналады деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстанда ғылымның дамуы тек қаржыландырумен ғана емес, ғалымдардың қоғамдық беделін нығайтумен де тығыз байланысты», - деп сөзін түйіндеді жас ғалым.