Кеңеске осы саланың жетекші мамандары қатысты
Бүгін «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің отырысында мұнай-газ саласының негізгі мәселелері қарастырылып, саладағы өзекті бағыттар мен алдағы міндеттер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында айтылғандай, әлемдік мұнай нарығында еліміздің 2% үлесі бар. Сондай-ақ бұл саланың бюджетке, инвестиция мен жаңа жұмыс орындарына тигізер тікелей әсері сөз болды. Бүгінде елімізде жылына 18 миллион тонна мұнай өнімін өңдеуге қауқарлы бірнеше ірі жоба іске асып жатыр. Іскерлік кеңес осы қуаттылықты мұнай-химия саласын жаңа деңгейге көтеруге және еліміздің энергетикалық егемендігін нығайтуға бағыттау жолдарын талдады.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай кездесуде мұнай-газ саласының ұлттық экономикадағы орнына тоқталып, жиынға осы бағыттағы кәсіпорын өкілдері мен мамандар қатысып отырғанын жеткізді.
«Қазіргі уақытта еліміз жаңа инвестициялық кезеңге қадам басты. Отандық мазмұнды арттыру мәселесі мемлекетіміздің, соның ішінде мұнай-газ саласының жаңа кезеңдегі ең негізгі күн тәртібі болуы тиіс. Бізге ең алдымен ғылым мен инженерлік әлеуетке негізделген өндіріс қажет. Біздің ұстанымымыз бойынша, айқын экономикалық саясаттың түпкілікті мақсаты өндіріс көлемін құрғақ санмен ұлғайту емес. Негізгі мақсат – ел ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу, қазақстандық кәсіпорындардың өнімін арттыру және ең бастысы, азаматтарымызға жаңа мүмкіндік беру», - дейді Айбек Дәдебай.
Партия төрағасының айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер өз еліндегі ірі жобаларға толыққанды қатыса алуы тиіс. Әрбір кәсіпкердің еңбегі мен жауапкершілігі лайықты бағалануы керек.
«Біздің ең басты байлығымыз жер астындағы мұнай ғана емес, сол мұнайды әлемдік деңгейде игере алатын қазақстандық азаматтар, яғни, инженерлер, геологтар, технологтар, ғалымдар, кәсіпкерлер мен жұмысшылар. Егер біз осы адам капиталының әлеуетін толық аша білсек, болашағымыз жарқын, мүмкіндіктеріміз шексіз болады», - дейді ол.
Басқосуға көптеген мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, сарапшылар мен салалық мамандар қатысты.
Отырыста айтылған әрбір пікір мен ұсыныс еліміздің болашақ өнеркәсіптік саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқармақ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ашық әрі іскерлік форматтағы жұмыс Қазақстанның ұлттық мүддесіне толық сай келеді және жаңа экономикалық өсімге үлкен серпін береді.
«Әділет» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің мәліметінше, мердігер компанияларды есепке алғанда, мұнай-газ саласында 600 мыңнан 800 мыңға дейін жұмысшы қамтылған.
«Олар мұнай өндірісіндегі бұрғылау, құрылыс, тамақтандыру, күзет және көлік қызметтерімен тығыз байланысты. Мұнайлы өңірлердегі әрбір тікелей жұмыс орны жанама түрде тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтиды. Батыс облыстарда мұнай-газ саласындағы компаниялар негізгі жұмыс беруші. Отбасы мүшелерін қоса алғанда, бұл сала тікелей және жанама түрде 1 миллионға жуық адамның әл-ауқатын жақсартып отыр деуге болады. Яғни 1 миллион адамды асырап отыр. Әрине, салада қордаланған проблемалар да жоқ емес. Бүгінгі отырыс мұнай-газ саласындағы өзекті бағыттарды талқылауға арналады», - деді Эльдар Жұмағазиев Іскерлік кеңестің ашылуында.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компанияның жаңа стратегиялық жоспарын алға тартты. Мемлекет басшысының елдегі ресурс базасын ұзақ мерзімді кезеңде қамтамасыз ету және геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде іске асырып жатыр екен.
«Үкіметтің қолдауымен қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды тетіктер іске қосылды. Атап айтқанда, рұқсат беру және экологиялық сараптама рәсімдері жеделдетіліп, бұл компанияның ауқымды геологиялық бағдарламасын уақтылы орындауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаздың» геологиялық бағдарламасы жалпы құны шамамен 1,7 триллион теңгені құрайтын 23 жобаны қамтып отыр. Оның ішінде 26 іздестіру-барлау құқығы аясында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазақстанның негізгі ресурстық әлеуеті саналатын Каспий маңы және Үстірт бассейндеріндегі терең мұнайлы қабаттарды ашу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл кешенді құрылымдар соңғы рет кеңес заманында ғана зерттелген болатын. Алайда ол кезде геологиялық және технологиялық тәуекелдердің жоғары болуы, қомақты инвестициялық шығындар мен қажетті технологиялардың тапшылығы қолбайлау болды. Бүгінде жеке жер қойнауын пайдаланушылар мұндай тәуекелі жоғары терең қабаттарға инвестиция салуға жүрексінеді. Ал «ҚазМұнайГаз» ірі ұлттық компания және бизнес өкілі ретінде осындай күрделі әрі ауқымды барлау жұмыстарын өз мойнына алуға дайын екенін білдірді», - дейді Хасенов.
Осыған орай, еліміздің ең перспективалы мұнайлы аймақтарында заманауи кешенді зерттеулер жүргізу үшін көлемі 60 мың шақырымға дейін жететін өңірлік сейсмикалық барлау жұмыстарын іске асыру ұсынылды. Бұл стратегиялық жобаны толыққанды жүргізу үшін жер қойнауын геологиялық зерттеу мерзімін 6 жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, бұл бағытқа жұмсалатын шығындарды оңтайландыру мақсатында Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, Салық кодексіне келісімшарттық қызмет аясындағы шығындарды нақтылайтын арнайы түзетулер әзірленіп жатыр.
Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаздың» ескі кен орындарынан өндірілетін мұнайдың 60%-ы тікелей ішкі нарықтың қажеттілігіне жіберіледі. Бұл кен орындарының экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы да зор: мұнда мұнайшылар мен олардың отбасыларын есептегенде 106 мыңға жуық халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен жұмыс орындары байланып отыр.
«Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Ринат Ізмұханбеттің айтуынша, қазіргі таңда мұнай-газ саласында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
«Ембімұнайгаз» бойынша мұнай мен газ өндіру көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бірнеше инвестициялық жобаны іске асырып жатырмыз. Соның нәтижесінде, бүгінгі жиында да айтылғандай, биылдан бастап мұнай өндіру көлемін 3 миллион тоннадан асырамыз деп толық сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар, жүзеге асырылып жатқан жобалардың арқасында келесі жылдан бастап ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ көлемін 1 миллиард текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болады деп сенемін. Осы жұмыстардың барлығына өз үлесімізді қосып келеміз», - деді Ринат Ізмұханбет.
Ол атағандай, Іскерлік кеңес мұнай-газ саласында қордаланған мәселелерді талқылайтын маңызды алаң.
«Мемлекеттің бұл салаға ерекше көңіл бөліп отырғаны баршаға белгілі. Сондықтан саланың жетекші басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бір жерде бас қосып, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауы өте пайдалы деп есептеймін. Мұндай кездесулер нақты шешімдер қабылдауға және саланың одан әрі дамуына оң ықпал етеді деген сенімдемін», - деді ол.
«KazService» Қазақстан сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов саяси өзгерістер міндетті түрде экономикалық жаңаруға алып келетіні айдан анық дейді.
Ол атағандай, қазіргі таңда біздің алдымызға қойып отырған бес негізгі мәселе бар.
«Біріншіден, Қазақстанда жобалау жұмыстарын дамыту қажет. Бұл біздің инженерлік әлеуетімізді күшейтіп, интеллектуалдық және ғылыми дамуға үлкен серпін береді. Екіншіден, қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыруымыз керек. Біз әлемдік компаниялармен бәсекелесе алатын, сыртқы нарыққа өнім шығарып, елге валюта әкелетін ірі өндірістік күшке айналуымыз қажет. Үшіншіден, жасанды интеллектіні дамыту маңызды. Ол адам өмірінің қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірістегі қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік үрдіс, сондықтан біз де одан шет қалмауымыз керек. Төртіншіден, алдымыздағы ірі мақсаттардың бірі – өндірісті шоғырландыру және терең өңдеуді дамыту. Бұл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру барысында ең бастысы – еліміздің қасиетті табиғатына зиян келтірмеу. Болашақ ұрпаққа саяси тұрғыдан тұрақты, экономикасы жоғары дамыған әрі экологиялық таза мемлекет қалдыру», - дейді Рашид Жақсылықов.