Ведомство әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Әлеуметтік желілер мен бірқатар интернет-басылымдарда Қазақстанда курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, жұмыс істемейтін және бала күтімімен айналысатын ата-аналарға республикалық бюджет есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«Бұл жәрдемақылар шартсыз негізде тағайындалады және бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық көлемде төленеді. Алушының осы кезеңде жұмысқа орналасуы төлемнің тоқтатылуына әсер етпейді», – деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері бала дүниеге келгенге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі.
Министрліктің мәліметінше, Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады.
«Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлер мен паблик әкімшілері ресми мәлімдемелерді түсіндіру кезінде мұқият болып, азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін тақырыптар мен тұжырымдарды қолданудан аулақ болғаны жөн. Азаматтарды тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне сүйенуге шақырамыз», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство қазақстандықтарға қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда нақты ақпарат алу үшін тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда сәбиін қолына ұстап жүріп курьер болып жұмыс істеген әйелдің фотосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Көптеген қазақстандық оған көмектесуге ниет білдірген. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әйелдің жеке басын анықтап, отбасының ауыр материалдық жағдайда емес екенін хабарлаған болатын.