Ғалым биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын дайындады
Бүгін медицина ғылымдарының кандидаты Зият Әбдел «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы заң жобасын және соған қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге үлкен үлес қосқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол президенттің қолынан алған марапатты ерекше құрмет деп атап, ғылым саласындағы еңбегінің жоғары бағаланғаны үшін алғыс айтты.
«Мемлекет басшысының қолынан алған бұл жоғары награданы ерекше құрмет және үлкен жауапкершілік деп есептеймін. Отандық ғылым саласындағы еңбегімді жоғары бағалап, мемлекеттік марапатқа лайық деп танығаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл марапатты мен тек өз еңбегімнің ғана емес, сонымен қатар еліміздің денсаулық сақтау саласы мен ғылыми әлеуетін арттыруға күнделікті атсалысып жүрген әріптестерімнің де ортақ жетістігі деп білемін», - деді ол.
Зият Әбделдің кәсіби қызметіндегі ең ауқымды әрі стратегиялық маңызды жобаларының бірі - еліміздің биологиялық қауіпсіздігі туралы заң жобасын және соған қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге тікелей қатысуы. Ғалымның айтуынша, бұл бағытта екі жылға жуық уақыт бойы жүйелі әрі мұқият зерттеу жұмысы жүргізілген.
«Бүгінгі таңда бұл заң іс жүзінде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Құжатты дайындау барысында шет мемлекеттердің ең озық әрі тиімді практикалары ескерілді. Қазірдің өзінде инфекциялық аурулардың деңгейін төмендетуге ықпал етіп, сала бойынша бірқатар маңызды бағдарламаның іске қосылуына негіз болды. Біз үшін тек қауіпсіздік емес, сол қауіпсіздіктің алғы шебінде жүрген мамандардың жағдайы да маңызды болды. Сондықтан аталған заң аясында медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері де қарастырылды. Маңызды әлеуметтік қолдау шаралары енгізіліп, бүгінде жоспарлы түрде орындалып жатыр. Аталған заңның жалпы салалық мамандарға да, биологиялық қауіпсіздік бағытында тер төгіп жүрген азаматтарға да үлкен септігі тиетініне сенімдімін», - деді ол.
Зият Әбдел жас зерттеушілерді тәрбиелеу және ғылымды дамыту бағытындағы жұмысын алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді.
«Мен үшін отандық ғылымға қызмет ету, әсіресе Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін жетілдіруге бағытталған заңнаманы әзірлеуге қатысу және денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосу - үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да жас ғалымдарды тәрбиелеу және ғылымды дамыту бағытындағы қызметімді абыроймен жалғастыра беремін. Көрсетілген сенім мен қолдауға зор ризашылығымды білдіре отырып, Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге әрдайым дайын екенімді жеткізгім келеді», - деп сөзін түйіндеді ғалым.