Аптасына 41 сағаттан артық еңбек ететіндердің саны бір жылда 13,8 пайызға өске
Қазақстандағы әрбір жетінші жұмыскер аптасына 41 сағаттан артық еңбек етеді. Бұл шамамен 1,4 млн адамға тең. Әсіресе артық жұмыс істейтіндердің үлесі тау-кен өнеркәсібі мен сауда саласында жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың дерегінше, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аптасына 41 сағаттан артық жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 1,4 млн адамға жеткен. Бұл көрсеткіш Еңбек кодексінде белгіленген 40 сағаттық жұмыс аптасының ең жоғары шегінен асып түседі. Бір жыл ішінде мұндай қызметкерлер саны 13,8 пайызға көбейген.
Артық жұмыс істейтіндердің жалпы жұмыспен қамтылған халық арасындағы үлесі де өсті. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 13,3 пайыз болса, биыл 15 пайызға жеткен.
Ер адамдар арасында артық жұмыс істейтіндердің саны 12 пайызға өсіп, 897,7 мың адамды құрады. Әйелдер арасында өсім одан да жоғары – 17,5 пайыз. Қазір аптасына 41 сағаттан артық еңбек ететін әйелдердің саны 507,6 мың адамға жеткен.
Жас ерекшелігіне қарай алғанда, артық жұмыс істейтіндердің ең көбі 35–44 жас аралығындағылар. Бұл санатта 434,4 мың адам белгіленген нормадан көп жұмыс істейді. Ал 45–54 жас аралығында тағы 315,7 мың адам артық еңбек етеді.
Керісінше, жастар арасында жұмыс уақытының белгіленген нормасын сақтау жиі кездеседі. Мәселен, 24 жасқа дейінгі санатта аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істейтіндер саны 125,4 мың адам болған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында артық жұмыс істейтіндердің үлесі ерекше жоғары. Бұл санаттағы қызметкерлердің 22,4 пайызы немесе 470 мың адам аптасына 41 сағаттан артық еңбек етеді. Ал жалдамалы қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш 12,8 пайызды құраған.
Салалар бойынша алғанда, артық жұмыс істейтіндердің саны сауда және автокөлік жөндеу саласында ең көп – 373,8 мың адам. Өнеркәсіп саласында мұндай қызметкерлер саны 240,6 мың адамға жеткен.
Ал үлес бойынша көш басында тау-кен өндірісі тұр. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың 31,5 пайызы белгіленген нормадан артық жұмыс істейді. Сауда саласында бұл көрсеткіш 23,8 пайыз болса, қонақүй және қоғамдық тамақтану қызметтері саласында 23,5 пайызды құрайды.
Сонымен қатар ең ұзақ жұмыс аптасы да тау-кен кәсіпорындары қызметкерлерінде тіркелген. Олар орта есеппен аптасына 44 сағат жұмыс істейді, яғни белгіленген нормадан 4 сағатқа артық. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және қонақүй мен қоғамдық тамақтану салаларындағы қызметкерлердің орташа жұмыс аптасы 42 сағатты құрайды.