Шетелден тауарға тапсырыс беретіндерге қатысты жаңа өзгерістер күшіне енеді

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа ережелер ЕАЭО-дан тыс елдерден жеткізілетін тауарларға қатысты болады

Фото: © istockphoto.com

Бұдан былай Temu, AliExpress, iHerb және басқа да шетелдік маркетплейстерден тауарға тапсырыс беретін қазақстандықтар тауар әкелудің жаңа тәртібін ескергені жөн. 2026 жылдың екінші жартысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде электронды саудаға қатысты кедендік реттеудегі өзгерістер күшіне енеді. Көпшілік сатып алушы үшін шарттар бұрынғы күйінде сақталады. Алайда құны 200 еуродан асатын тапсырыстарға жаңа баж салығы мен қосылған құн салығының мөлшерлемелері қолданылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.

Шетелдік интернет-дүкендерді пайдаланушылар үшін басты жаңалық – баж салығынсыз әкелу лимиті сақталады. Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, ештеңе өзгермейді:

  • баж салығы мен салық төлеудің қажеті жоқ;
  • сәлемдеме бұрынғыдай жеткізіледі;
  • кеден органдарына өз бетінше жүгінудің қажеті болмайды;
  • сатып алушының атынан декларацияны электронды сауда операторлары рәсімдейді.

Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар «электронды сауда тауарлары» деген жеке санатқа бөлінеді.

«Бұл тауарлар үшін "электронды сауда тауарларына арналған декларация" деп аталатын кедендік декларацияның жаңа түрі енгізіледі. Онда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Мұндай декларацияны сатып алушылардың атынан кеден органдарына электронды сауда операторлары ұсынады. Бұл – кеден ісіндегі жаңа институт. Сонымен қатар салмаққа қатысты шектеу (31 килограмм) алынып тасталады. Баж салығынсыз әкелу лимиті 200 еуро деңгейінде сақталады», – делінген хабарламада.

Өзгерістер негізінен қымбаттау тауар сатып алатын азаматтарға қатысты болады. Егер тауар құны 200 еуродан асса, тауар құнының 5 пайызы көлемінде кедендік баж салығы және 16 пайыз мөлшерінде қосылған құн салығы алынады.

Мемлекеттік кірістер департаменті есептеудің бірнеше мысалын келтірді:

  • 250 еуро – 12,5 еуро баж салығы (шамамен 7 мың теңге) және ҚҚС;
  • 500 еуро – 25 еуро баж салығы (шамамен 14 мың теңге) және ҚҚС.

Қазіргі уақытта мұндай сатып алулар үшін баж салығынсыз лимиттен асқан сомаға ҚҚС-ты қоса алғанда 15 пайыз көлемінде бірыңғай төлем қолданылады.

Жаңа талаптар тек ЕАЭО аумағынан тыс жерлерден жеткізілетін тауарларға қатысты болады. Олар одақ аумағында орналасқан және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды.

Осылайша, жеке қажеті үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін қазақстандықтардың басым бөлігі үшін сатып алу мен сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай сақталады.