Алматы маңында лотос гүлін жұлған қыз заң алдында жауап береді

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде бір құшақ лотос гүлін ұстаған қыздың суреті көпшіліктің ашуын туғызған еді

Фото: әлеуметтік желіден

Алматының іргесіндегі лотос гүлін жұлып алған қыздың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, алматылықтардың ашуын туғызған еді. Аталған жағдайды облыстық полиция қызметкерлері назарға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

«Күзетшілеріміз 4-5 адамнан кіргізеді. Көріп, естелікке суретке түскен соң тез шығулары керек. Кейде күзетшінің көзі тайса, гүлді жұлатындар бар. Бірақ кірерде гүлді жұлса 10 мың теңге айыппұл салынатынын ескертіледі. Көл үлкен болғандықтан келушілердің бәрін бірдей қадағалау мүмкін емес. Ескертуге еренсіз қарайтындар да бар», - дейді демалыс орнының басшысы Асан Кузиев.

Әлеуметтік желіде бір құшақ лотос гүлін ұстаған қыздың суреті көпшіліктің ашуын туғызған еді. Оған енді заң алдында жауап беруге тура келеді.

«Аталған дерек полицияда тіркелді. Егер әлеуметтік желіні пайдаланушының іс әрекетінде заң бұзушылық қарастырылатын болса, онда заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Заңнамамен қазіргі таңда жасыл көшеттерді баптау, ұстау және қорғау ережелерін бұзғандары үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 386-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл ретте 15 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген. Ал егер  өсімдік қызыл кітапқа енген болса, қылмыстық жауапқа тартылады», - дейді облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.