Көкшетауда «Jas Otan» еріктілері дәрігерлерге тәтті таратып жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада «Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс» акциясы басталған

Көкшетауда басталған қайырымдылық акциясының аясында нұротандық «Адал жол» бастауыш партия ұйымының мүшелері дәрігерлерге арнап тәттілердің пакетін және 500 литр ауыз су дайындаған. Еріктілер азық-түлікті Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулез диспансеріне, облыстық көпсалалы аурухананың тері аурулар диспансеріне, сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы медициналық колледж базасында ашылған провизорлық стационарға жеткізді.

«Қайырымдылық акциясын бастай отырып, тынымсыз жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді сәл де болса қуантқымыз келді. Тек бірлесе күш жұмсасақ қана карантиннен тез шығып, бұрынғы өмір салтымызға ораламыз», - дейді Көкшетау қалалық мәдениет басқармасының жетекшісі Айгүл Сәбитова.

Қайырымдылық шарасы жалпы аймақтағы кәсіпкерлердің және меценаттардың күшімен жасалған. Облыстағы ірі кәсіпорын басшылары жеке қорғаныс құралдарын, маска, ауруханаларға қажетті аппараттар сатып алуға көмектескен. Тек соңғы аптаның өзінде кәсіпкерлер облыстағы ауруханаларға өкпені жасанды желдететін оншақты аппарат тарту еткен.