Сараптамалық жинақта халықтың ем-дом мен дәрі-дәрмекке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны көбейгені көрсетілген
Қазақстанда медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке кететін жеке шығын көлемі артып келеді. Соңғы деректерге сүйенсек, азаматтар ем қабылдау, тексерілу және дәрі сатып алу үшін өз қаражатын бұрынғыдан жиі жұмсай бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығына сілтеме жасап.
Аталған орталық халық денсаулығы мен медициналық ұйымдардың жұмысына арналған жыл сайынғы статистикалық жинағын жариялады. Құжатта 2024–2025 жылдарға қатысты мәліметтер қамтылған.
Жинақтағы деректердің басым бөлігі 2025 жылға тиесілі болғанымен, қаржыландыруға қатысты ең соңғы көрсеткіштер 2024 жыл бойынша берілген. Құжатқа қарағанда, денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін жалпы қаражат артқанымен, тұрғындардың өз қалтасынан шығаратын шығыны да көбейген.
Ресми мәліметке сәйкес, елдегі денсаулық сақтау саласына жұмсалған жалпы шығын 2023 жылғы 4,79 трлн теңгеден 2024 жылы 5,88 трлн теңгеге дейін өскен. Алайда жеке шығын көлемі бұдан да жылдам артқан – 1,54 трлн теңгеден 2,24 трлн теңгеге жеткен. Бұл қатарға азаматтардың өзі төлейтін қаражат, жұмыс берушілердің төлемдері және ерікті медициналық сақтандыру арқылы жұмсалатын шығындар кіреді.
Әсіресе адамдардың емге, дәрі-дәрмекке, тексерілуге немесе дәрігер қабылдауына өз қалтасынан тікелей төлейтін шығыны айтарлықтай көбейген. Бір жылдың ішінде мұндай шығындардың үлесі денсаулық сақтау жүйесіндегі ағымдағы шығындардың 27,7 пайызынан 31,9 пайызына дейін өскен.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы шығын құрылымында мемлекеттік қаржының үлесі төмендеген. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 66 пайыз болса, 2024 жылы 57,5 пайызға түскен. Дегенмен нақты қаржы көлемі жағынан мемлекеттік қаржыландыру аздап өсіп, 2,99 трлн теңгеден 3,03 трлн теңгеге жеткен.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін қаржы да артқан. Шығын көлемі 998 млрд теңгеден 1,16 трлн теңгеге дейін көбейген. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыру 1,34 трлн теңгеден 1,65 трлн теңгеге дейін өскен.
Бұл деректер денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат ұлғайғанымен, науқастардың өзіне түсетін қаржылық салмақтың да қатар артып отырғанын көрсетеді. Алайда жинақта мұндай өзгерістердің нақты себептері көрсетілмеген.