Осы уақытқа дейін бірнеше қатысушы ғылыми жобаларына патент алған
Ақтөбеде ғылымнан түрлі себеппен қол үзіп қалған әйелдердің академиялық ортаға қайта оралуына мүмкіндік беретін жоба жүзеге асып жатыр. Бағдарлама аясында декреттік демалыстан кейін ғылымға қайта бет бұрған қатысушылардың бір бөлігі докторантураға түссе, енді бірі халықаралық және республикалық форумдарда өз зерттеулерін таныстырып, ғылыми жобаларына патент алған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ақтөбе өңірлік университетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бағдарламаға ғылыми ортадан уақытша алыстаған, оның ішінде бала күтіміне байланысты үзіліс жасаған әйелдер тартылған.
Жоба Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия аясында Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті орындап жатыр. Бастама ғылымға қызығушылығы бар қыз-келіншектердің зерттеушілік әлеуетін қолдауға бағытталған.
«Осы бастама аясында жүзеге асып жатқан «Ғылымға қадам 2.0» жобасына 20-ға жуық адам қатысқан. Нәтижесінде екі қатысушы докторантураға қабылданса, үш қатысушы халықаралық және республикалық форумдарда ғылыми жобаларын таныстырған. Сонымен қатар бірнеше ғылыми жоба патент иеленген. Биыл жоба жаңа кезеңге өтіп, ауылдық жерлердегі педагогтерді қамту бағытына басымдық беріп отыр. Қазіргі уақытта Мұғалжар ауданындағы 45 мектеп мұғалімі бағдарламаға қатысып жатыр. Жоба толықтай тегін ұйымдастырылғанымен, қатысушылар университет ғалымдарының алдын ала іріктеуі арқылы қабылданады», - деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Университеттің басқарма төрағасы әрі жоба авторы Лаура Қарабасованың айтуынша, бағдарлама өңір педагогтері мен ғылым арасындағы байланысты күшейтетін академиялық алаңға айналып келеді.
«Бағдарлама бір айға жоспарланған. Оқу барысында қатысушыларды университет ғалымдары мен жеке менторлар сүйемелдейді. Сабақтар University of Minnesota университетімен бірлескен Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы аясында өтеді. Қатысушылар ғылыми ізденіс жүргізу, зерттеу тақырыбының өзектілігін анықтау, академиялық талаптарға сай ғылыми жұмыс әзірлеу, антиплагиат жүйесімен жұмыс істеу және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану бағыттары бойынша тәжірибелік білім алады. Сонымен қатар педагогтер деректерді талдау, зерттеу әдіснамасын меңгеру және ғылыми жобаларын көпшілік алдында қорғау кезеңдерінен өтеді», - деп хабарлайды дереккөз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — өңір педагогтерінің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту арқылы білім беру сапасын арттыру және мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасау.