«Оны алаяқтар қасақана өлтірді»: Астанада атақты жазушының немересі жұмбақ жағдайға көз жұмған – іс неге алға баспай отыр

Автор: Асқарова Қарлығаш

Марқұмның әкесі құқық қорғау органдарының тергеу жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр

Фото: Саябек Қанаханың жеке мұрағатынан

Осы жылдың 1 сәуірінде қазақтың белгілі жазушысы Өтебай Қанахиннің немересі, Саябек Қанаханың 20 жастағы қызы Айсәуле жұмбақ жағдайда көз жұмды. Оның өліміне қатысты ақпарат ақпараттық қоғамды дүр сілкіндірді. Асқақ арманы бар бойжеткен туған күніне екі күн қалғанда көз жұмған. Қазір бұл іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» және «кибералаяқтық» баптары бойынша қолдан екіге бөлініп, тергеліп жатыр. Алайда марқұмның әкесі қызының жай суицид жасағанына сенбейтінін айтады. Оның сөзінше, Айсәулеге психологиялық қысым жасалған, тіпті оны біреу қасақана өлтіруі мүмкін. Әкесінің күмәнін күшейткен жайттар – марқұмның басындағы целлофан пакет, бас тұсындағы жарақат және оның көпір маңындағы жағалауда етпетінен емес, шалқасынан жатқаны.  Azattyq Rýhy тілшісі Саябек Қанаханың өзінен сұхбат алып, ауыр болса да Айсәуленің өліміне қатысты сұрақтарын қойды. 

Оқиға қалай басталды?

Әкесінің айтуынша, оқиғаның нақты неден басталғанын отбасы әлі күнге дейін толық түсіне алмай отыр.  Марқұм Айсәуле наурыздың 30-ы университетте зергерлік бұйымдардың дизайнын жасау үшін алтын әшекейлер қажет екенін айтқан.

«Үйде анасының бірнеше ұсақ алтыны мен біздің неке сақиналарымыз ғана бар екенін айттым. Қайда жатқанын нақты білмедім, анасынан сұра дедім. Біз бұл жайтқа мүлде күмәнданған жоқпыз», – дейді әкесі. Сәйкесінше қызының алтын бұйымдарды алған-алмағанын да тексермеген.

Келесі күні, 31 наурызда, отбасы күні бойы онкологиялық орталықта анализ тапсырып жүрген. Өйткені, өкінішке қарай, марқұм Айсәуленің анасы онкологиялық дертке шалдыққан. Әкесінің айтуынша, олар кешкі сағат төрт шамасында ғана үйге оралған.

Сол кезде қызы оларды қарсы алып, интернеттен тапсырыс берген кітап туралы сөз қозғаған. Әкесінің айтуынша, отбасындағы жалғыз ұлы тарихи кітаптарды жақсы көреді және көбіне ағылшын тіліндегі әдебиеттерді оқиды. Кейбір кітаптарды Қазақстаннан табу қиын болғандықтан, оларды интернет арқылы алдыратын болған.

«Қызым маған «тапсырыс күтіп отырған жоқсың ба?» деп сұрады. Мен күтіп жүргенімді айттым. Сонда ол «Шабыттың жанында жаңа беру пункті ашылыпты, телефоныңды берші, жеткізу мекенжайын соған ауыстырып қояйын. Университеттен шыққанда алып келемін» деді», – дейді әкесі.

Ол қызына еш күмәнсіз телефонын берген. Тіпті экран құлпының кодын да айтқан.

«Телефонымды 15-20 минуттан кейін қайта әкеліп берді. Бұл жолы да ешнәрседен күмәнданбадық», – дейді ол.

Біраз уақыттан кейін қызы ата-анасына кешке тағы да Ozon пунктіне баруы керек екенін айтқан.

«Мен «кеш болып қалды ғой, ертең барып аларсың» дедім. Сағат жетілер шамасы еді. Бірақ қызым «жоқ, бүгін соңғы күн, бүгін алмасам тапсырыс кері кетеді» деді», – деп еске алады әкесі. Солай Айсәуле шамамен екі сағаттың ішінде тапсырысқа барып келген.

«Олар қайтарады...»

Саябек Қанаханың сөзінше, келесі күні ол әдеттегідей таңғы сағат бесте оянған. Сол кезде үйдегі интернеттің өшіп қалғанын байқап, төлем жасау үшін қосымшаны ашқан.

«Интернет қызметін Kaspi банкі бағдарламасы арқылы төлеп көрдім, сонда «ақша жеткіліксіз» деп шықты. Шотымда шамамен 520 мың теңге болуы керек еді. Қарасам, екі мың теңге ғана қалған», – дейді ол.

Алғашында ол ақшаны алаяқтар алып кеткен болуы мүмкін деп ойлаған. Кейін банк операцияларын тексерген кезде ақша қызының шотына аударылғанын көрген.

«Сол кезде түсіндім. Кешке телефонымды сұрап алып, мен айтқан пин-код арқылы Kaspi-ге кіріп, ақшаны өзіне аударған екен», – дейді әкесі.

Осыдан кейін ата-анасы қызын оятып, ақшаның қайда кеткенін сұрай бастаған. Бірақ қызы жауап бермеген.

«Қайда жібердің?» десек, «айтпаймын» деді. «Олар қайтарады» деп айтты. Сол кезде оның алаяқтарға алданып қалғанын түсіндік», – дейді әкесі.

Оның айтуынша, қызы тіпті телефонын да беруден бас тартқан. Әкесі сол кезде асхана бөлмесіне қарай кетіп, ал анасы қызымен оңаша сөйлесуге қалады. Сол кезде қызы анасына телефонды беріп өз бөлмесінен шығып кетеді. Содан кейін, ізінен анасы да шықты.

«Қызым үндемей төменге түсіп кетті. Мен де ештеңе демедім. Қазір ойласам, сол кезде тоқтатуым керек екен», – дейді ол.

Көп ұзамай Саябек Қанаха жұбайымен шай ішуге отырған. Бірақ оның айтуынша, сол күні бәрінің көңілі алаң болған екен.

«Әдетте ұзақ отырамыз. Бірақ сол күні 15-20 минут қана отырдық», – дейді ол.

Бір кезде анасы төменгі қабатқа түсіп, қайта жүгіріп шыққан. Оның сөзінше, Айсәуле үйде жоқ боп шыққан және күнделікті киіп жүретін сыртқы киімдерін де кимей кеткен екен.

Сол сәттен бастап ата-анасы қызын іздеуге кіріскен. Олар бірден көлікке отырып, Тельман жақтан жағалау бағытына қарай кеткен. Әкесінің айтуынша, олар көпірлерді, өзен жағасын аралап, қыздарын дауыстап іздеген. Кейін қайтадан үйге оралған.

Сол кезде үшінші қызы оянып, жоғалған Айсәуленің телефонын ашуға көмектескен. Біраз әрекеттен кейін олар телефонға кіре алған. Телефонды тексеру барысында отбасы қыздың, бір емес екі алаяқтың ықпалына түскенін түсінген.

«WhatsApp-тағы бұрынғы хаттардың бәрі өшкен екен. Бірақ соңғы хабарламалар қалған. Бір Дмитрий Николаевич Калашников деген адам түнгі сағат екілер шамасында қызымызбен бір сағаттан астам сөйлескен», – дейді әкесі.

Айсәуленің соңғы сәттері

Осыдан кейін отбасы бірден полиция шақырған. Полиция келген соң бейнебақылау камераларын тексере бастаған. Кинологпен де итпен іздеген. Алайда алғашқы уақытта нәтиже болмайды. Саябек Қанаханың айтуынша, сол уақытта полиция үйіне келгенде қызының телефонын алып кеткен. Бірақ отбасы телефонды тәркілеу туралы ресми құжат талап еткенде, нақты жауап берілмеген.

«Қолхат сұрадық. Бірақ бермеді. Кейін «қызыңыз жоғалды» деп арыз жазыңыз деді», – дейді әкесі.

Ол сол сәтте қандай да бір дауға барар жағдай болмағанын айтады.

Кейін көршілерінің бірінің камерасынан қыздың Мұғалжар көшесі бағытына қарай кетіп бара жатқаны көрінген.

«Мен бірден сыртқа жүгіріп шығып, жол бойындағы кафеге кіріп қарадым және сондағы аспаздардан сұрадым. «Мүмкін тоңып кірген шығар» деп ойладым. Бірақ ол жерде болмады», – дейді әкесі.

Үйге қайта оралған кезде полицияға өзен жағасында серуендеп жүрген адам хабарласқан. Ол өзен маңынан қыздың мәйітін тапқанын айтқан.

«Алғашында бізге тек аяғын көрсетті. Сол кезде үстіндегі тозығы шыққан, көмір күреуге және тауық қора ішінде киетін етігін, қара жұмыс шалбарды көріп қызымыз екенін түсіндік. Бетін көрсетіңдерші, мүмкін бұл біздің қыз емес шығар дедім. Бірақ ешкім нақты жауап бермеді», – дейді әкесі.

Әкесі сол сәтте көлікке отырып, мәйіт табылды-ау деген жерге өзі барған. Бірақ ол жер болмай шығады. Сол жерде тұрған полиция қызметкері мәйіт Назарбавтың резиденциясы жанындағы көпір астында таблығанын айтты. Ол жерге аттанайын деп тұрғанда, үйден де хабарласып,  полиция тапқан қыз Айсәуле екенін айтқан. Бірден үйге келген кезде үй алдында тұрған полиция телефоны арқылы мәйіт түсірілген бейнежазбаны көрсеткен.  Әкесінің сөзінше, кадрда қызы жағалауда бетоннан жасалған көмкеру плитасының үстінде, бірақ аяқтары мұз үстіне шығып, шалқасынан жатқан.

 «Басында күлгін пакет болды. Пакеттің астынан қызым екенін таныдым. Сонда мен қызымды таныдым да, үйге кірдім. Үйде мәйіттің жанында тұрған полиция қызметкерлеріне нақты қай жерде екенін білу үшін қоңырау шалдым. Олар «қазір хабарласамыз» деп телефонды қоя салды. Біраз уақыт өтсе де ешкім хабарласпаған соң, қайтадан қоңырау шалдым. Бірақ бұл жолы олар телефонға жауап бермеді. Содан кейін шыдамай, көпір жаққа қайтадан көлікпен өзім шықтым. Барсам, ол жерде бірде-бір полиция жоқ екен, содан қайтадан үйге қайттық», – дейді ол.

 

Болашағы жарқын еді

Айсәуле Шабыт университетінде графикалық дизайн мамандығында 4 курста оқып жүрді. Оқу аяқтауына енді бір жыл қалып еді. Түрлі дизайн жобаларымен айналысып, қосымша табыс тауып жүрген.

Әкесінің сөзінше, сол күндері қарындасы Құралай Қанахина оны QazTrade ұлттық компанияcына  орналастыру мәселесін қарастырған. Өйткені Айсәуле олардың интернет парақшасын қысқа мерзімде, дизайн жағынан өте сапалы түрде жаңартып берген. QazTrade өкілдері сонда «қызыңызды жұмысқа алайық», деп ұсыныс жасаған. Бірақ оның әлі оқу бітірмегенін біліп, оған жарты жүктемемен жұмыс ұсынған. Айлығы да жоғары еді.

«Яғни оның өмірден түңіліп кететіндей ешқандай себебі болған жоқ. Қызымның болашағы бар еді», – дейді әкесі.

Алаяқтар Айсәулені толық бақылауда ұстады

Кейін полицияға ломбардтан хабар түскен. Сол кезде ғана отбасы үйдегі алтын бұйымдардың жоғалғанын білген.

Әкесінің айтуынша, қыздың телефонын тексерген кезде алаяқтарға тұрақты түрде есеп беріп отырғанын көрсететін жазбалар табылған.

«Олар қызымды толық бақылауға алған. Үйдегі алтындардың суретін жіберткен. Тіпті мылтық сақтайтын сейфтің өзін түсірткен», – дейді ол.

Сондай-ақ телефондағы суреттен  қызы үйдегі сейфті оларға есеп беру үшін ашқанын да байқаған.  

Одан бөлек Айсәуле қайтыс боларынан бір күн бұрын үйден шыққан күні таксиді де алаяқтардың өзі шақырып берген. Кейін қыз Magnum маңындағы банкоматқа барғанын айтады. Сол жерде ақша алаяқтар көрсеткен есепшотқа салынған болуы мүмкін деген күдік бар. Өйткені телефондағы хат алмасуларда: «Біз сізді көріп тұрған жоқпыз», «Міне, енді көрдік» деген хабарламалар болған.

«Яғни қызымды сырттай бақылап отырған сияқты. Бұл рас па, әлде психологиялық қысым ба – оны тергеу анықтауы керек», – дейді ол.

Қызығы, сол такси жүргізушісін полиция қызметкерлері әлі күнге дейін тергеуге  шақырмаған.

Тергеу баяу жүрді

Әкесінің сөзінше, тергеу бастапқыда өте баяу жүрген.

«Бірнеше күн өтсе де іс қозғалмады. Адвокат күн сайын тергеушілерге жазады, қоңырау шалады. Бірақ іс бірінен біріне өте берген немесе іске жауапты мамандар «ауырып жатырмын» деген сылтаумен кездесуден бас тартқан», – дейді ол.

Оның айтуынша, тергеу кибералаяқтық және «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп  әдейі екі бағытқа бөлінген. Одан сорақысы,  оқиға болған күннен қырық күннен астам уақыт өтсе де екі бағыт бойынша да нақты нәтиже жоқ, дейді Айсәуленің әкесі.

«Бір тергеуші «менде емес» дейді, екіншісі басқаға жібергенін айтады. Бір-біріне сілтеп отырды», – дейді әкесі.

Екі баптың біріне жауапты киберполиция сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырғанын айтқан. Бірақ  Саябек Қанаха мұнымен келіспейтінін айтады. Оның ойынша, сот-медициналық сараптаманың жоқтығы интернет арқылы жасалған қылмыстың тергеуінің тоқталуына себеп емес.

«Интернет-алаяқтарды іздеу үшін міндетті түрде мәйіттің сараптамасын күтудің қажеті не? WhatsApp арқылы хабарласқан адамдардың IP-мекенжайын анықтау керек қой. Банктегі деректерді тексеру керек», – дейді ол.

«Бұл оқиға кездейсоқ емес...»

Саябек Қанаха бұл оқиғаның кездейсоқ емес екеніне күмәнданатынын айтады.

«Себебі жыл басынан бері Айсәулемен бір сыныпта оқыған тағы екі бала осындай жұмбақ жағдайда қайтыс болыпты. Екеуі де шетелде оқыған, біреуі тіпті Oxford-ты тәмамдаған. Бұлар жай кездейсоқ таңдалған балалар емес. Алаяқтар тәрбиелі, білімді, жуас балаларды нысанаға алған», – дейді ол.

«Қайғыдан қан жұтқан» ата-ана Айсәуле жерленгеннен кейін күн сайын қызының зиратына барып, құран бағыштап тұрған. Сол кезде зират маңында жұмыс істейтін азаматтардың бірі «жыл басынан бері осындай 20-21 жастағы жастардың мәйітін жиі әкеліп жатыр» деген.

Саябек Қанаханың пікірінше, мұндай жағдайлардың жиілеуі интернет-алаяқтардың жүйелі түрде жастарды психологиялық қысымға алып жүргенін көрсетуі мүмкін.

«Бұлар арқасын кеңге салып алған. Өйткені құқық қорғау органдары нақты нәтиже көрсетпейді және алақтардың жазасын бермейді деп сенеді. Ақшаны қайтарып бердік, бала өзінен өз-өзіне қол жұмсады деп істі жауып тастай салады. Бұл нағыз көзбояушылық!», – дейді ол.

«Киберқылмысты ашуға қажетті әрекеттер жасалмай отыр»

Марқұмның әкесінің айтуынша, тергеу барысында киберқылмысты ашуға қажет негізгі әрекеттер әлі күнге дейін жасалмай отыр.

«Мен олардан WhatsApp-та жазған адамдарды неге зерттемейсіңдер деп сұрадым. Телефон нөмірлері кімге тіркелгенін, IP-мекенжайларын, банк арқылы жүрген адамдарды анықтау керек қой дедім», – дейді ол.

Оның сөзінше, тергеушілер әлі күнге дейін ұялы байланыс операторларына да, шетелдік мессенджерлерге де толыққанды сұрау жібермеген.

«42 күн өтті. Әлі нақты сұрау жолданбаған. «Неге?» десек, «қырық күн өтсін, мазаламаңдар» деді. Ал ол бұйрықты кім берді деп анасы сұраса, үндемейді», - дейді әкесі.

«Полиция ломбард қамын жеп жүр»

«Әлеуметтік желідегі резонанстан кейін Есіл ауданының полициясы мен киберполициясы бізді шақырды. Мен тергеушіге түсініктеме беруге қалдым, ал жұбайым Бақытгүл мен адвокатымыз киберполиция қызметкерлерімен сөйлесті», - дейді Саябек Қанаха.

Ғимараттан шыққан соң, жұбайымның қойған сұрағынан төбемнен жай түскендей болды: «Айсәуле ломбардқа өткізген алтынның құнын өтейміз бе?» деді. Таңғалғаным – алтынды біз әлі көрген де, оның полицияда екені ресми расталған да жоқ.

«Сөйтсек, киберполиция қызметкерлерінің жұбайыммен сөйлескенде ең басты көтерген мәселесі сол алтын бұйымдар болыпты. Олар: «Құнын өтемесеңіздер, алтынды ломбардқа өткіземіз, олар шығынға батып отыр» деген. Адвокатымыз бұл заттардың қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме екенін айтып, олардың заңды мұрагерлеріне қайтарылуы тиіс екенін ескертіпті», - дейді марқұмның әкесі.

Анасы да  «Мұнда адам өлімі болып жатыр, ал сіздерді алаңдататыны – ломбардтың пайдасы ма?» деп наразылығын жеткізген, дейді ол.

Ең сорақысы – сол жердегі киберполиция қызметкерлерінің арасында бірде-бір IT маманы болмаған әрі ешқайсысы ағылшын тілін білмейді, дейді Саябек Қанаха.  Ол жердегі қызметкерлердің айтуынша, олардың міндеттері тек ақша түскен шот иесін анықтап, банктен ақпарат алу ғана. Ал халықаралық киберқылмыстық топтарды іздеу мен әшкерелеу олардың жұмысына кірмейді екен.

«Сонда онымен кім айналысады?», - дейді әкесі.

Сот-медициналық сараптамасы

Айсәуленің өлімі бойынша  сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да күмәнді, дейді әкесі.

Оның айтуынша, сараптама қорытындысында «қылғынып қайтыс болды, денесінде сыртқы жарақат белгілері жоқ, басындағы пакет бос байланған» деп көрсетілген. Дегенмен марқұмның басындағы жарақат тек бастапқы полиция хаттамасында ғана жазылған. Ал қорытындыда бұл туралы жоқ екен.

«Сонда пакет бос байланған болса, Айсәуленің дем алуға мүмкіндігі болған ғой? Жақында криминалистикадан хабары бар адамдармен сөйлестім. Олардың айтуынша, адамның өзін-өзі қорғау инстинкті ондай пакетті жыртып жіберер еді», – дейді ол.

 Осы себепті отбасының адвокаты қосымша сот-медициналық сараптама тағайындауды талап етіп отыр. Олар адамның мұндай жағдайда өзіне өзі қол жұмсауы мүмкін бе деген сұраққа нақты жауап іздейтінін айтады.

Талап қандай

Саябек Қанаханың айтуынша, қазір істің «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша жабылып кету қаупі бар. Ол құқық қорғау органдарының әр құрылымы өз бетінше жұмыс істеп жатқанын, бірақ нақты нәтиже жоғын айтады.

«Ортақ жүйе жоқ. Әрқайсысы өз бетінше әрекет етеді.  Айсәуленің телефоны  полицияда жатыр. «Зерттедіңдер ме?» десек, нақты жауап жоқ. Уақыт өтіп барады», – дейді ол.

Оның сөзінше, отбасы қажет болса тәуелсіз IT мамандарды, психологтарды тартып, өз бетінше зерттеу жүргізуге дайын. Әкесі бірнеше рет істің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарауына берілген-берілмегенін де сұрағанын айтады. Бірақ нақты жауап ала алмаған.

«Інісі әлі күнге дейін жылайды. Мектепте де жылап қалған. Айсәулені бәрі жақсы көретін. Егер ол тәртіпсіз, жаман қыз болса, адамдар бұлай іздемес еді», – дейді Саябек Қанаха.

Айсәуленің ерекше есімі...

Айсәулеге бұл есім ерекше ырыммен қойылған. Отбасының айтуынша, Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле әже 2004 жылы 99 жасында дүниеден өткен. Бір жылдан кейін дүниеге келген сәбиге осы ұлы тұлғаның анасының есімі берілген.

«Өмірі ұзақ болсын, осындай ұл дүниеге әкелсін» деген ниетпен қыздың есімін Айсәуле деп әжесі Сағира Қанахина қойған. Әбіш Кекілбайұлы олардың үйіне келген сайын Айсәулеге ерекше ықылас танытқан. Ал қыздың тұсауын Қадыр Мырза Әлінің жұбайы Салтанат апа кесіпті.

Жақындарының айтуынша, Айсәуле бала күнінен математика мен бейнелеу өнеріне ерекше қызығушылық танытқан. Халықаралық олимпиадаларға қатысып, Ұлыбритания, Франция және Германияға барған. Кейін сурет мектебінде білім алған.

Мектепті аяқтаған соң Шабыт өнер академиясының графикалық дизайн мамандығына мемлекеттік грантпен түскен. Оқуында үздік студенттердің бірі болған.

«Келесі жылы бесінші курсты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы жүр еді», – дейді жақындары.

Айсәуле Саябекқызы Қанаха 2005 жылғы 3 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 2026 жылғы 1 сәуірде қайтыс болды. Ал 3 сәуірде, яғни өзінің 21 жасқа толатын күні жерленді.