Ақылы тұрақтардың саны да артады
Астанада ақылы автотұрақтардың тарифтері қайта қаралады. Сонымен қатар қалада ақылы тұрақтардың саны да көбейтілмек. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тегін негізде ақылы автотұрақтарды әкімдікке беріп отырған компания оңалту кезеңінде болған. Бүгін соттың оңалтуды тоқтату туралы шешімі күшіне енді. Сондай-ақ беру туралы қосымша келісімге қол қойылды. Келісім алдағы күндері толық рәсімделеді деп отырмыз. Қазіргі уақытта нақты табыс туралы айту қиын, бірақ бұрынғы жылдары айыппұлдармен бірге 5 млрд теңгеден астам кіріс әкелген», – деді Өтебаев Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында.
Оның айтуынша, тұрақтар желісі кеңейген сайын тарифтік саясат та өзгеруі мүмкін.
«Қала өсіп келе жатқанын ескере отырып, ақылы тұрақтар саны көбейеді. Кейбір жерлерде, әсіресе халық тығыз орналасқан аумақтарда, сол жағалауда баға саясаты қымбаттауы мүмкін», – деді әкім орынбасары.
Сонымен қатар ол тұрақтар қала балансына өткеннен кейін олардың жұмыс істеу ережелері де қайта қаралатынын айтты.
«Ақылы тұрақтардың жұмыс істеу қағидалары қайта қаралады. Біз демалыс күндері оларды тегін етуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік нысандар маңында олар әрқашан тегін болады», – деп түйіндеді Өтебаев.