«Бізге 12 миллион теңге ұсынды»: Қостанайда артық салмақ тастау үшін асқазанына баллон орнатқан бойжеткен өліп қала жаздаған

Автор: Асқарова Қарлығаш

 Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде жеке медициналық орталыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қостанай қаласының тұрғыны Бибігүл Ибраева бір жыл бұрын қаладағы «Kes Clinic» клиникасы қызының асқазанына баллон орнатып, ары қарай дұрыс бақыламағандықтан, қызым бір ажалдан қалды дейді. Azattyq Rýhy редакциясы тараптардан пікір алып, осы оқиғаның қыр-сырын ашуға тырысты. 

«Соңғы қоңырауға дейін арықтағысы келді»

Бибігүл Ибраеваның қызы Ясмина былтыр мектеп бітірген. Соңғы қоңырауға бір айдай уақыт қалғанда, бойжеткен артық салмақтан арылғысы келіп, ата-анасынан көмек сұрайды. Әлеуметтік желідегі жарнамалар мен таныстар кеңесіне сенген отбасы Қостанайдағы «Kes Clinic» жеке клиникасына жүгінген. Клиника салқ тастау үшін қыздың асқазанына арнайы баллон орнату керек екені айтқан әрі дәрігерлер бұл әдісті қауіпсіз деп сендірген.

Яғни бұл медициналық әрекет –  кесу де, ота да емес, өңеш арқылы асқазанға кішкентай шар енгізетін жеңіл процедура ретінде түсіндірілген. Анасы клиникамен WhatsApp желісі арқылы хат алмасқан, кейін қызын клиникаға апарған.

Асқазанына бөгде зат орнатпас бұрын Ясмина көптеген талдау тапсырған. Кейін, қызы бір ажалдан аман қалғаннан соң ғана анасы Ясминаның қанындағы Эритроциттердің шөгу жылдамдығы қалыпты мөлшерден екі есе көп болғанын білген. Бұл ағзада қабыну процесі барын білдіретін көрсеткіш еді. Алайда клиника қызметкерлері оның қауіпсіз екенін айтып, анасын сендірген.

Бойжеткеннің асқазанына баллон 2025 жылдың 20 сәуірінде орнатылады. Отбасы бұл клиниканың бұл қызметі үшін 500 мың теңге төлеген. Анасының айтуынша, құжаттарға қатты уайымдап отырғандықтан қызмет көрсету келісімшартын толық оқымай қол қойған. Оның сөзінше, ол процедура барысында дәрігерлермен емес, өзін Гаухар деп таныстырған қызметкермен ғана сөйлескен. Кейін Ясминаның палатасына белгісіз ер адам кіріп, ота сәтті өткенін хабарлайды. Біраз уақыт өткеннен соң бұл адамның клиника басшысы әрі травматолог-хирург екеніні белгілі болады.

«Алайда сол күннен бастап қызымның жағдайы нашарлай бастады. Үйге шыққаннан кейін жүрегі айнып, қыжыл, қатты ауырсыну пайда болды. Клиникамен чатта сөйлескенде қызымның бұл жағдайы туралы айттым.  Бірақ клиника өкілдері мұны ағзаның бейімделуі деп түсіндірді. Үш күннен кейін Ясминаға үй жағдайындағы стационар негізінде тамыр арқылы дәрі салды. Бірақ жағдайы жақсармады. Кейін тағы тапсырған анализдерді көріп,  Эритроциттердің шөгу жылдамдығы 47-ге дейін көтерілгенін байқадым», - дейді бойжеткеннің анасы.

Соған қарамастан Ясмина оқуын жалғастыра береді. Ол алтын белгі иегеріне үміткер болғандықтан, медициналық университетке түсуге дайындалуын басты орынға қойған. Анасының айтуынша қыздың өзі де, жақындары да уақыт  өте бәрі қалпына келеді деп сенген.

Алматыда ажал құша жаздады

Ясмина қазан айында 18-ге толады. Ол кезде бойжеткен шынымен арықтай бастағанын байқайды. Бірақ көп ұзамай жағдай күрт қиындап кетеді. 30 қазанға қараған түні қыз шұғыл түрде Алматыдағы №12 орталық қалалық клиникалық ауруханаға түседі. Дәрігерлер оған «созылмалы асқазан жарасы, жайылған іріңді перитонит» диагнозын қойған.

Жағдайы өте ауыр болғандықтан, қызға жасалған операция төрт сағаттан астам уақытқа созылған. Дәрігерлер операция кезінде асқазаннан жарты жыл бұрын клиникада орнатылған баллонды алып тастайды.  Хирургтер жараланған бөлікті кесіп алып, тігуге мәжбүр болған. Анасының айтуынша, алматылық дәрігерлер баллон асқазан тіндерінің некрозына әкеп соқтырды деп түсіндірген. Осының салдарынан Ясминаның жағдай күрт нашарлап кетеді.

Операциядан кейінгі қалпына келу де оңай болмайды. Қатты ауырсынуға байланысты қызға күшті дәрілер тағайындалған. Соған қарамастан Ясмина оқуын тоқтатпай, академиялық демалыс алмай, ары қарай білім алған. 

«Осы жағдайдан кейін клиникадан жауап талап ете бастадық. Басында клиника бізге алдымен 3 миллион теңге ұсынды. Оның өзін бөліп төлемек болды. Кейін соманы 12 миллион теңгеге дейін көтерді. Бірақ біз бұл ұсынған ақшалардан бас тарттық», - дейді Ясминаның әкесі.

Клиникаға қатысты қылмыстық іс қозғалды 

Клиника жәбірленуші тарапқа ақша ұсынса да,  өз қателіктерін мойындаудан бас тартқан. «Kes Clinic» өкілдері ата-анасы келісімшарт пен ақпараттандырылған келісімге қол қойғанын алға тартқан. Сондай-ақ баллонды 4–6 ай ішінде алып тастау қажет екенін айтқамыз деп бой бермеген. Ясминаның анасы мұндай ескерту болмағанын айтады. Оның сөзінше, егер мұндай талапты білгенде, оны елемей кетпес еді.

Алайда осы оқиғаға жауапты клиника қызметкерлерінің түсініктемесінде, пациент пен ата-анасы ай сайынғы бақылау тексерулеріне келмегені, шағым айтпағаны және баллонды уақытында алу бойынша жүгінбегені жазылған. Ал анасы клиникамен барлық байланыс WhatsApp арқылы жүргенін, барлық шағым чатта жазылғанын айтып отыр.  

Кейін фармбақылау департаментінің тапсырмасымен аталмыш клиниканы тексеру үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия құрылған. Комиссия құрамына басқа қалалардан бейінді мамандар тартылыпты. Дегенмен сараптама қорытындысында Ясминаның денсаулығына келген зиян мен клиника әрекетінің арасында тікелей себеп-салдар байланысы анықталмағаны көрсетілген.

Осы тексеруден  кейін іс біраз уақыт тоқтап қалады. Ясминаның ата-анасы клиника қызметін толық тексеруді талап етіп, түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет өтініш жолдаған. Олардың айтуынша, медициналық көмекті бейінді емес мамандар көрсеткен, қызды қажетті біліктілігі жоқ дерматолог бақылаған, ал емдеу процесінің бір бөлігі WhatsApp арқылы жүргізілген.

Алайда жақында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті  редакциясының сауалына берген жауабында бұл іс бойынша жоспардан тыс тексеру өткенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тексеру материалдары құқықтық баға беру үшін Қостанай облысының Полиция департаментіне жолданған.

Нәтижесінде 2026 жылдың 6 мамырында Қостанай қаласындағы Оңтүстік полиция бөлімінде №263911031000417 нөмірімен қылмыстық іс тіркелген.

Ал «Kes Clinic»  редакция жолдаған ресми сауалға әлі жауап бермеді.

Айта кетерлігі, бұл  клиниканың аты аталған алғашқы оқиға емес. 2025 жылдың шілдесінде жеке медициналық орталықтық басы тағы да дауға қалған еді. Ол кезде липосакциядан кейін пациент реанимацияға түсіп, тәжірибеден өтіп жүрген қызметкер ішекті зақымдап алғаны айтылған. Соның салдарынан әйелде перитонит пен қан улануы пайда болған.