Бұл туралы Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлімдеп отыр
Ақмола облысында соңғы жылдары көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту көрсеткіші айтарлықтай өскен. Егер 2023 жылы бұл санаттағы азаматтарға небәрі 47 тұрғын үй берілсе, 2024 жылы көрсеткіш 150-ге дейін артқан. Ал 2025 жылдың 24 мамырына дейін тағы 230 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша, бір жылдың ішінде берілген тұрғын үй саны екі есеге жуық көбейіп отыр.
Үй кезегін жүргізу Отбасы банкке өткеннен кейін не өзгерді?
Сонымен қатар, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап Қазақстандағы тұрғын үй жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер күшіне енді. Енді тұрғын үй кезегін жүргізу және пәтер бөлу функциялары Отбасы банк жанындағы Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығына өткен. Ал әкімдіктер тұрғын үйді жалға беру, жекешелендіру және тұрғын үй қорын күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысуды жалғастырады.
Ақмола облысы бойынша үй кезегінде неше адам тұр?
Қазіргі таңда Ақмола облысында тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны да аз емес. 2025 жылғы 23 мамырдағы мәлімет бойынша:
жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 4148 адам;
көпбалалы аналар мен отбасылар – 2773 адам;
I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар – 1985 адам.
Заңға енгізілген өзгерістерден кейін тұрғын үйі жоқ кез келген Қазақстан азаматы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде тіркеле алады. Осы өзгерістен кейін өңірдегі кезек саны күрт өскен.
«Мәселен, өткен жылдың 23 мамырындағы есеп бойынша кезекте тұрғандар саны 23 006 адам болса, Отбасы банк жариялаған 2025 жылғы 30 сәуірдегі дерекке сәйкес, Ақмола облысында тұрғын үйге мұқтаждар саны 33 595 адамға жеткен», – деді Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдықшаруашылығы басқармасында.
Облыста тұрғын үй сатып алу және халықты баспанамен қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметінше, қазіргі уақытта 381 тұрғын үйді сатып алуға қаржы қарастырылған.
Бұдан бөлек, 2022 жылдан бері Отбасы банк арқылы тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Бағдарлама аясында мемлекет әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың жалдау ақысының 50 пайызын төлейді.
«Бұл мүмкіндік I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға беріледі. Алайда бағдарламаға қатысу үшін отбасының соңғы алты айдағы жан басына шаққандағы табысы бір ең төмен күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс», – деп атап өтті Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдықшаруашылығы басқармасында.
«2-10-20» жеңілдетілген ипотека мен жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру
Сондай-ақ аталған санаттағы азаматтар Отбасы банк жүзеге асыратын «2-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына қатыса алады. Ал алғашқы жарнаны жабу үшін әкімдіктер тұрғын үй сертификаттарын беру мүмкіндігіне ие.
Тағы бір маңызды өзгеріс – 2024 жылғы 4 желтоқсаннан бастап бұрын сатып алу құқығынсыз берілген тұрғын үйлерді азаматтар заң аясында қалдық құны бойынша немесе тегін жекешелендіре алады.