ҰБТ-2026 басталды: биыл 240 мыңға жуық талапкер тест тапсырады

Автор: Дәулет Ботагөз

Биыл талапкерлердің 74% тестті қазақ тілінде тапсыруды таңдаған

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 10 мамырда елімізде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 10 шілдеге дейін жалғасатын маңызды емтиханға қатысу үшін биыл 240 мыңға жуық талапкер өтінім берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжановтың мәліметінше, биыл да техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Ең танымал пәндер комбинациясы ретінде «Математика–Физика» бағытын талапкерлердің 17,9% таңдаған. Бұл комбинацияны көбіне болашақ инженерлер мен энергетиктер таңдайды. Ал «Биология–Химия» пәндерін 14,5% талапкер таңдаса, шығармашылық емтихан бағытына 12,4% үміткер қызығушылық танытқан.

Айта кетерлігі, биыл талапкерлердің 74% тестті қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 26% орыс тілін, ал 851 адам ағылшын тілін таңдады. 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер 3 міндетті және 2 таңдау пәні бойынша барлығы 120 тапсырма орындайды.

Ең жоғары балл 140, ал емтиханның жалпы уақыты 4 сағат (240 минут) болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар, қатысушыларға экранда калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі сияқты көмекші құралдар қолжетімді болады. Апелляцияға беру уақыты шектеулі — тест аяқталғаннан кейін небәрі 30 минут ішінде өтінім жіберіп үлгеру қажет.

Жоғары оқу орындарына түсу үшін төменгі шекті балдар бекітілген: ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балл қажет. Ал педагогика және құқық салалары бойынша шекті балл 75 баллды құрайды, денсаулық сақтау бағытына түсу үшін кемінде 70 балл талап етіледі.

Бейнебақылау камералары арқылы тексеру жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасады. Егер ереже бұзу дерегі анықталса, тіпті грант иегері атанған күннің өзінде нәтиже жойылуы мүмкін.