Бәйтеректе «бейәдеп» фотоға түскен жігіт жазаланды

Автор: Алмас Ерсін

Жас жігіт ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды

Фото: видеодан скрин

Астанада сот интернетте «Бәйтерек» монументі жанында түсірілген әдепсіз сипаттағы фотосуретті жариялаған студентке бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықталған. Сот мәліметінше, 20 жастағы студент елорданың басты көрнекі орындарының бірінде жүріп, әдепсіз сипаттағы фото түсіріп, оны желіге жариялаған.

Іс материалдарында құқық бұзушының әрекеті «Бәйтерек» монументін пайдалану арқылы әдепсіз визуалды ишара жасау» ретінде сипатталған. Сот мұны қоғамға ашық құрметсіздік таныту және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзу деп бағалаған.

Сот отырысы барысында жас жігіт кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Құқық бұзушылық фактісі фотосуретпен және іс материалдарымен дәлелденген.

«Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот қоғамға теріс әсер еткен және қоғамға құрметсіздік танытуға бағытталған әрекеттің сипаты мен деңгейін, сондай-ақ құқық бұзушының жеке басын, оның ішінде жасын және студент мәртебесін ескерді», – деп мәлімдеді сот.

Сот қаулысымен студент ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.