Білім жарысына 100-ге жуық қатысушы жиналды
Астанада «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында және UCMAS Kazakhstan бастауыш партия ұйымымен бірлесіп менталды арифметикадан ауқымды чемпионат ұйымдастырды. Зияткерлік сайысқа 100-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында балалар, жасөспірімдер және ардагерлер болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, түрлі буын өкілдерінің бір алаңда бас қосып, өзара білім мен тәжірибе алмасуы осы жарыстың басты ерекшелігі болып отыр.
«AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова іс-шараның мән-маңызына тоқталып, оның қоғам үшін маңызды бастама екенін атап өтті.
«Бүгін Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келген менталды арифметика чемпионатының алаңында бүлдіршіндер мен аға буын өкілдері бас қосып отыр. Біз білім мен интеллектуалды дамудың жас талғамайтынына куә болып отырмыз. Бүгінгі зияткерлік жарыс балаларымыздың білімге деген қызығушылығын арттыратын, олардың болашағына қажетті маңызды шара. «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалы ашылған күннен бастап менталды арифметиканы тегін оқытуға жағдай жасап келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын чемпионатымыз биыл да жоғары деңгейде өтуде. Өткен жылы дәл осы залда жүздеген бала мен ата-ана жиналып, ауқымды жарыс өткізген болатынбыз. Осындай деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға ерекше алғысымызды білдіреміз»,- деді ол.
Білім бәйгесіне ардагерлер де айрықша дайындықпен келген. Аға буын өкілдерінен құралған жиырма шақты қатысушы соңғы жарты жыл бойы менталды арифметика курсын оқып шыққан.
Қариялардың айтуынша, мұндай сабақтардың егде жастағы адамдар үшін маңызы өте зор. Менталды арифметикамен айналысу ойды сергек ұстауға, есте сақтау қабілетін арттыруға және зейінді тұрақтандыруға септігін тигізеді. Жүйелі жаттығулар зейнеткерлердің қоғамдық өмірде белсенді болып, өзін сергек сезінуіне үлкен көмек көрсетіп отыр.
«Бүгінгі іс-шараға қатысып отырғанымызға бәріміз өте қуаныштымыз. Әсіресе кішкентай балалармен бірге бір залда отырғанымыз ерекше әсер сыйлайды. Бұрын «үлкеннен үйрену керек» деп айтып жатсақ, бүгін біз балалардан үйренеміз. Қазіргі балалар өте зерек, алғыр, білімге құштар.
Қазір Қазақстан менталды арифметика бағытында жақсы дамып келеді. «АMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының қолдауымен арнайы топ құрылып, біз менталды арифметиканы оқи бастадық. Басында «Бұл бізге не үшін керек?» деп ойлағаным рас. Бірақ алғашқы сабақтың өзі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонда қызығушылығым оянып, есепшотпен жұмыс істеуге кірістім. Математика - үлкен ой-сананың көрсеткіші ғой. Біраз уақыт дайындалып, міне, нәтижесін көріп отырмыз. Бүгін жарысқа қатысып, чемпион атандым. Диплом, сертификат алдым. Шынымды айтсам, өзім де чемпион боламын деп күтпедім. Ұйымдастыру жұмыстары өте жоғары деңгейде. Осы шараны ұйымдастырған «AMANAT» партиясына, мектеп ұжымына және барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін»,- деді Ардагерлер кеңесінің төрайымы, жарыс жеңімпазы Шарипа Өтегенова.
Қария жарысқа келген бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.
«Қымбатты балалар, сіздер еліміздің болашағысыздар. Ертең ел басқаратын азамат, табысты кәсіпкер, білімді маман болып өсесіздер. Сондықтан білім алудан ешқашан жалықпаңыздар. Менталды арифметика мен математика - ойлау қабілетін дамытатын үлкен құрал. Абакуспен есептеу арқылы сіздер компьютер секілді жылдам ойлап, тез шешім қабылдауға үйренесіздер»,- деді ол.
Жарыс соңында балалар мен қариялар сальанатты түрде марапатталды. Ешбір үміткер назардан тыс қалмады. Әр қатысушының еңбегі мен белсенділігі жоғары бағаланды.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай зияткерлік бастамалардың ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, қоғамда білім мен дамуға деген қызығушылықты арттыратынын атап өтті.
Алдағы уақытта интеллектуалды іс-шараларды дәстүрлі түрде жалғастыру жоспарланып отыр.