«Онсыз да қиналып жүр емес пе!?»: Астанадағы онкология орталығы науқастарға манго жемісін 6330 теңгеден сатып жатыр
Ол туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде тарады
Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы аумағында орналасқан асханада бір тал манго жемісінің 6330 теңгеге сатылғаны қоғамда үлкен талқылауға түсті, деп жазады Azattyq Rýhy
Threads әлеуметтік желісінде тараған жазбада қолданушы былай деп жазады:
«Астанадағы онкологиялық орталықта бір дана манго 6330 теңге тұрады. Ал жақын маңдағы кез келген көкөніс дүкенінде оның бағасы шамамен 2500 теңге. Онкологиялық диагноздың өзі адамға ауыр психологиялық қысым түсіреді, ал мұнда науқастар қарапайым тамақтану үшін де қаржылық қысымды сезініп отыр, жүздеген медициналық талдаудан өткенін есептемегеннің өзінде. Асхана иесі, сіз «жарадыңыз», ауырып жатқан адамдардан да пайда табуды жалғастыра беріңіз», - дейді ол.
Аталған жазба астында пікір қалдырғандардың арасында науқастардың жағдайын жақсы түсінетіндер де бар екені белгілі болды. Олардың айтуынша, ем алып жүрген адам үшін тамақ – жай қажеттілік емес. Химиотерапиядан кейін тәбет болмайды, жүрек айниды. Кейде ағза тек белгілі бір тағамды ғана қабылдайды. Осындай кезде жеміс-жидекке қол жеткізу маңызды.
«Онкологиялық науқастардың өзі онсыз да қиналып жүр… кейде бір тамақты ғана жегің келеді. Ал мұнда баға шарықтап тұр», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір пікірде: «Бұл енді бизнес емес, адамдардың жағдайын пайдалану сияқты көрінеді», — делінген.
Орталық бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Мәліметке сәйкес, асхана медициналық мекеменің құрамына кірмейді. Оны жалға алған жеке кәсіпкер жүргізеді. Баға саясатын да сол кәсіпкер өзі белгілейді. Қолданыстағы заңнамада мұндай тауарларға баға шектеуі қарастырылмаған.
«Асхана қызметін жалға алушы кәсіпкер жүзеге асырады. Оның айтуынша, мангоның жоғары бағамен сатылуы бір реттік жағдай болған және бұл қызметкерлер тарапынан кеткен ішкі қателікпен байланысты. Әкімшілік жалға алушымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ассортимент пен бағаға бақылауды күшейту қажеттігін ескерткен. Сонымен қатар, медициналық мекеменің ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік жауапкершілік қағидаларын сақтау маңызды екені айтылған», - делінген Ұлттық ғылыми онкология орталығының атынан берілген түсініктемеде.
Сонымен қатар, редакция бұл мәселеге қатысты баға саясатын реттейтін уәкілетті органдарға да ресми сұрау жолдады. Біз әлеуметтік маңызы бар нысандарда, әсіресе медициналық мекемелер аумағында, бағаға қандай бақылау жүргізілетіні туралы мәселені нақтылауды сұрадық.