Енді Қазақстанда жақын туысы қайтыс болған әскерилер 425 мың, үйленіп, балалы болғандары 255 мың теңге көмек алатын болды

Автор: Бақыт Шынар

Өзгерістер 21 сәуірден бастап күшіне енді

Фото: Azattyq ruhy

Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрық 21 сәуірден бастап күшіне енген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бюджеттен үнемдеген қаржының есебінен енді әскери қызметшілерге төленетін материалдық көмек едеәуір көбейген. Кез келген төлемнің ең төменгі көрсеткіші – елдегі ең төменгі жалақыға тең болады.

«Жақын туысы, жұбайы немесе қайын жұртынан жақын туысы қайтыс болғанда төленетін әлеуметтік көмек ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері - 425 мың теңгеге жетуі мүмкін. Некесін қидырған, баласы туған, бала асырап алған, болмаса мүлкіне залал келіп, еміне қажет болса, оған 255 мың теңге әлеуметтік төлем беріледі», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.