Бұл баланың жанқиярлық ерлігі туралы Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов айтып берді
Биыл наурыз айында Шымкентте пойыз қағып кеткен Мақсат атты бала ауруханадан шықты. Оның әсерлі оқиғасы туралы бірнеше рет видео түсірген Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов бүгін бала мен әкесін үйіне шығарып салған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бақытжан Позилов бұл оқиға туралы 10 сәуір күні былай деп жазған еді. Дәрігер әке мен бала арасындағы мейірімге үнемі таңданған.
«Бірнеше күн бұрын поезд қағып кеткен бала туралы жазған едім…Әкесі күн сайын Сарыағаштан келіп, аулада таң атқаннан кеш батқанға дейін үнсіз отыратынын, тек бір үмітке сеніп отыратынын жазғанда, көп қолдау пікірлер жазылды…Бүгін жақсы жаңалық бар. Бір ай бойы реанимацияда жатқан баласы есін толық жиды, параметрлері ретке келді, өзі демалып жатыр, толық сөйлеп жатыр, жарақат бөліміне ауыстырдық. Бұл – жай ғана жаңалық емес… бұл – өмірдің қайта оралуы. Реанимация бөлімінің дәрігерлері, медбикелері, тіпті тазалық қызметкерлеріне дейін – барлығы науқастың өмірі үшін жанқиярлықпен күрескенін атап өткім келеді. Олар тек жұмысын істеген жоқ, олар бір адамның тағдыры үшін, бір жанұянын үміті үшін соңына дейін күресті. Шынымен де, ерлік десек артық емес. Ал баласын 30 күн бойы күткен әке бүгін жанына келді. Алда әлі екі кезеңнен тұратын ауыр операция бар. Бірақ ең бастысы – науқас тірі», - деген еді дәрігер.
Арада 18 күн өткенде дәрігер бала мен әкесін аман-есен үйіне шығарып, жан тебірентерлік видео жүктеген.
«41 күн бұрын пойыз қағып, ауыр хәлде түскен Мақсат есімді науқасты бүгін аман-есен үйіне шығардық. Бұл – оңай жол болған жоқ. Алғашқы күндері жағдайы өте ауыр болды. Әр күн – күрес, әрбір кішкентай алға жылжу – үлкен жеңіс болды. Табандылық пен үздіксіз еңбектің арқасында науқасымыз біртіндеп сауығып шықты. Осы орайда барша дәрігерлерге, медбикелерге және тазалық қызметкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жанашырлықтарыңыз және тынымсыз еңбектеріңіз осы нәтижеге жетуге үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, науқастың әкесіне ерекше алғыс айтамыз. Ол 41 күн бойы бір күн қалдырмай келіп, ұлына рухани демеу болып, жанынан табылды. Осындай қолдау да сауығу жолында үлкен күш береді», - деп жазған дәрігер.