Петропавл - Көкшетау тас жолы бойында айналдырған 5 шақырым жерден төрт қап қоқыс шыққан
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауылдық округінде Петропавл - Көкшетау тас жолының бойы тазаланып, небәрі 5 шақырым аумақтан төрт үлкен қап қоқыс жиналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол жиегінен табылған қалдықтардың басым бөлігі – темекі тұқылы мен қораптары, энергетикалық сусындар мен сыра шөлмектері. Бұл жағдай жергілікті билікті алаңдатып отыр.
Осыған байланысты округ әкімі Нұрсұлтан Тұңғышбекұлы көлік жүргізушілеріне үндеу жасап, жауапкершілікке шақырды:
«Сіздер көлік салонында отырып, терезені ашып қоқыс лақтырасыздар. Яғни бұл жерде шашылып жатқан қоқыстар – темекінің тұқылы, энергетикалық сусындар мен сыра шөлмектері . Жерді осылай ластау түрлі қолайсыз жағдайларға, тіпті жол апаттарына да себеп болуы мүмкін. Сондықтан жер-ананың киесін сақтаңыздар», – деді ол.
Онымен қоса әкім жүргізушілерден көліктерін қалай таза ұстайды, қоршаған ортаға да дәл сондай ұқыптылықпен қарауды сұрады.
«Сіз тастамасаңыз да, жолаушыңыз тастап жатуы мүмкін. Бірақ көлікте отырған төрт адамды да тәртіпке шақыруға болады ғой. Бұл қоқыстар аспаннан түспейді», – деді әкім.