Туған күнінде Бәйтеректің түбінде шампан атқан блогер жан-жағын тазаламай кеткен – іске полиция араласты (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ол ішімдікті аспанға атып, туған күнін салтанатты түрде қарсы алмақ болған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бір миллионға жуық оқырманы бар блогер, психолог Шынар Межанова өз туған күнінде елорданың қақ ортасындағы «Бәйтерек» монументінің түбіне келіп, шампан атқан әрі жан-жағын ластаған. Блогердің бұл әрекеті соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кең таралып келе жатқан «трендтің» айқын көрінісі болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғадан бір күн өткен соң редакция тілшісі шампан атқан жерге барып, жағдайды өз көзімен көрді. Шашыраған ішімдіктің ізі әлі де анық байқалады. Орындыққа дақ жағылып, отырған адамға жабысады әрі сол жерде әлі де жағымсыз иіс сезіледі.

Қоғамдық орынның ластануына байланысты біз Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен ресми жауап сұраттық. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды назарға алғанын мәлімдеді. Полиция қызметі қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғаны анықтап, тиісті жаза қолдану үшін іздеу жүргізетінін мәлімдеді.