Үкімет Қазақстанда әйелін ұрып-соққан мыңға жуық агрессорға психолог «тауып берген»

Автор: Бақыт Шынар

Бұл үшін арнайы Ереже бекіген

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Үкімет былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жоспары және агрессорларға психологиялық көмек көрсету Ережесіне сай, Қазақстан бойынша 1 мыңға жуық азаматты психологиялық түзетуден өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бүгін премьер-министр Олжас Бектенов үкімет жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Бұл ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмысы «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын орындауға арналады.

Үкімет комиссияның бүгінгі отырысында осы уақытқа дейін атқарған жұмысын қорытындылаған.  Айта кетейік, үкімет хабарлап отырғандай, биыл 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енген болатын.

«Заң мен тәртіп» қағидатын орындау үшін үкімет интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында ұялы байланыс абоненттерін биометриялық сәйкестендіру енгізілді, сондай-ақ БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына қол қойылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жоспары және агрессорларға психологиялық көмек көрсету Ережелері бекіген. Өткен жылы 1 мыңға жуық азаматқа психологиялық түзету тағайындалды», - деп хабарлайды үкімет.