«Бұралқы иттерден қашқан бала мүгедек болып қалды»: қоғам белсендісі БҚО-дағы ауыр оқиғаны баяндады

Автор: Темірхан Айжан

Оның сөзінше, қаңғыбас иттер мектеп жанында үймелеп жүреді 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қоғам белсендісі Мұхтар Өтес Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысында бұралқы иттердің көбеюі тұрғындарды алаңдатқан күрделі әлеуметтік мәселеге айналған. Белсендінің сөзінше, мәселе тек жануарларды қорғауға емес, ең алдымен халықтың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты болуы керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұхтар Өтестің айтуынша, өңірдің бірқатар елді мекенінде мектептердің, балабақшалардың және тұрғын үйлердің маңында қараусыз жүрген иттер жиі кездеседі. Бұл жағдай ата-аналардың күнделікті алаңдаушылығын күшейтіп отыр.

«Мектептің жанында қараусыз иттер шұбырып жүреді. Таңертең балалар сабаққа бара жатқанда немесе кешке үйіне қайтқанда сол иттердің ортасымен өтеді. Ата-аналар әр күні баласын уайыммен шығарып салады. Өйткені олардың қауіпсіздігіне ешкім нақты кепілдік бере алмайды», – дейді ол.

Қоғам белсендісі мәселенің қаншалықты өзекті екенін бірнеше жыл бұрын болған қайғылы оқиғамен түсіндірді.

«Осыдан екі жыл бұрын оқушы баланы ит қауып, қуған. Бала қорыққанынан қаша жөнеліп, құлап, аяғын екі жерден сындырып алды. Кейін бірнеше ауыр операция жасалды. Өкінішке қарай, барлық емге қарамастан, оның бір аяғы екіншісінен қысқа болып қалды. Қазір ол мүгедек болып қалды. Қараусыз иттің кесірінен бір баланың тағдыры талқан болды. Мұндай жағдай ешбір ата-ананың басына түспесін», – дейді Мұхтар Өтес.

Ол бұл жалғыз оқиға емес екенін атап өтті. Белсендінің айтуынша, балаларды қаңғыбас иттердің қууы, адамдарға үріп, қауіп төндіруі туралы тұрғындардан тұрақты түрде шағым түседі.

«Осындай жағдайлар жиі қайталанады. Кейде балалар мектепке жалғыз баруға қорқады. Кейбір ата-аналар балаларын міндетті түрде шығарып салып, күтіп алуға мәжбүр. Бұл – қалыпты жағдай емес. Балалардың көшеде емін-еркін жүруі керек», – дейді ол.

Қоғам белсендісі өңірде мемлекеттен қаржы алатын жануарларды қорғау ұйымдарының жұмысына да тоқталды. Оның пікірінше, жануарларға қамқорлық жасау маңызды болғанымен, адам қауіпсіздігі екінші орынға ысырылмауы тиіс.

«Бізде қаңғыбас жануарларды қорғаумен айналысатын, мемлекеттен субсидия алатын ұйым бар. Олар қараусыз жүрген иттерді тамақтандырады, кейде тіпті «памперс» сатып алып кигізеді. Бірақ сол иттердің ешқайсысында чип жоқ, тұмсыққап жоқ. Олар қала ішінде, мектептердің жанында емін-еркін жүреді. Егер шынымен оларды қорғап отырса, онда бұралқы иттердің адамдарға қауіп төндірмеуін де қамтамасыз етуі керек емес пе?» – дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, қараусыз жануарларды бақылаусыз қалдыру кейін түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупін де арттырады.

«Ит ашыққан кезде агрессивті болады. Оның үстіне құтырма сияқты қауіпті аурулардың таралу қаупі бар. Мұндай қауіптің алдын алу – мемлекеттің де, қоғамның да міндеті», – деді ол.

Мұхтар Өтес қазақ халқы ежелден итті құрметтегенін ескере келе, оның қоғамдағы орны қандай болғанын айтты.

«Қазақ баласы болған соң итті жеті қазынаның бірі деп білеміз. Ит – адамның серігі. Бірақ ата-бабамыз итті көшеге жіберіп қоймаған. Ол үйді, қораны, малды күзеткен. Әрдайым иесінің қасында болған. Біздің дәстүрімізде де иттің өз орны бар. Ал қараусыз кеткен ит бұралқыға айналады. Ол ешкімге бағынбайды, қауіп төндіреді», – дейді белсенді.

Оның пікірінше, соңғы жылдары жануарлардың құқығын қорғау мәселесі жиі көтерілгенімен, адам өмірінің құндылығы әрдайым бірінші орында қалуы керек.

«Жануарларды қорғау керек екеніне ешкім қарсы емес. Бірақ адамның өмірі бәрінен қымбат. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. Егер балаларымызды көшеге емін-еркін шығара алмасақ, саябақта ойнауға қорқып жіберсек, мектепке жалғыз жіберуге алаңдасақ, онда біз бұл мәселені міндетті түрде шешуіміз керек», – деді ол.

Белсенді Конституцияда адамның өмірі мен денсаулығы ең жоғары құндылық ретінде бекітілгенін еске салды.

«Баланың өмірінен артық ештеңе жоқ. Адамның өмірі – мемлекеттің ең басты құндылығы. Сондықтан иттің өмірін адамнан жоғары қою дұрыс емес деп есептеймін. Біз мұны талай жылдан бері айтып келеміз. Бұқаралық ақпарат құралдары да талай рет жазды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған жағдайлар болды. Соның нәтижесінде бұл мәселе Парламентке жетіп отыр», – дейді Мұхтар Өтес.

Оның пікірінше, заң жобасына енгізілетін өзгерістер бұралқы жануарлар мәселесін жүйелеуге, жауапсыз жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Бұл – біз көптен күткен заң. Халықтың қауіпсіздігі ең басты орында. Балалар қорықпай мектепке барып, аулада емін-еркін ойнауы керек. Егер заң осыған ықпал етсе, онда оның қабылдануы қажет деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін қоғам белсендісі.

Айта кетейік, Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы қараусыз жануарларды реттеу тетіктерін жетілдіруге, үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін күшейтуге және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нормаларды қамтиды. Депутаттардың айтуынша, заңға енгізілетін өзгерістер жануарларға қатыгездікке жол бермеу қағидатын сақтай отырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесін де қатар қарастырады.