Олар балаларына арнап «Келешек» жинақтау шотын ашқан
Бүгін Ақордада ғалымдармен кездесіп, Ғылым күніне орай оларды марапаттаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың ғылымға бетбұрысын күшейту үшін мемлекет жасап жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы, Тоқаевтың пікірінше баланың болашағы үшін мемлекет те, ата-ана да бірдей жауапты. Осы ретте президент баласының болашағын қазірден бастап ойлайтын ата-аналардың таңдауы өте дұрыс екеніне назар аудартты.
«Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру деген сөз. Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты. Мен былтыр «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті Заңға қол қойдым. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады», - деді Тоқаев бүгін Ақордада.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Тоқаев.