Банк картасы бұғатта жатқан қазақстандықтар үшін 24 күнге арналған жағымды жаңалық пайда болды

Автор: Бақыт Шынар

Әділет министрлігі 6-30 сәуір аралығында олардың шотындағы бұғатты шешеді

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық Жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп, 2026 жылдың 6-30 сәуір аралығында белгілі бір төлем түрлерін алуға арналған шоттарды бұғаттан шешетін науқанды іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл науқан жалақы, алимент, зейнетақы және жәрдемақы түсетін шоттарға қатысты болмақ. Яғни, жалақы немесе зейнетақысы түсетін картасы бұғатта жатқан азаматтар осы науқан аясында бұғатты шеше алады.

«Бұл үшін, азаматтар Adilet.gov мобильдік қосымшасында тіркеліп, жеке сот орындаушысына шоттардан тыйымды алып тастау туралы өтініш беруі керек. Бірақ, жалақы, алимент, зейнетақы және жәрдемақысы дәл осы шотқа түсетінін растайтын анықтаманы қоса жіберу керек. Әйтпегенде, бұғат шешілмейді», - деп хабарлайды Әділет министрлігі.

 Бірақ, есепшоты бұғаттан шешілсе де ол азамат бұғат салынған себепті, яғни, мемлекет алдындағы қарызын, айыппұлын немесе басқа да міндетті төлемдерді бәрі бір төлейді.