Қойдың құйрық майы, арақ пен ұят – Коронавируспен ауырған науқастар хикаясы

Автор: Azattyq Rýhy

Бір ауруханада емделген науқастардың әңгімесі 

Фото автордікі

Коронавируспен бетпе-бет келген көптеген қазақстандықтар үй жағдайында қалай емделу қажеттігімен толық таныс емес. Көбінде халық бірден дәріханаға барып, жаппай дәрі алып жатыр. Одан бөлек, WhatsApp чаттарындағы түрлі халық емдерін пайдалануда. Аzattyq ruhy тілшісі коронавирустан емделіп жатқан бірнеше науқастың хикаясын қаз қалпында ұсынады.

Қабылда Айна, 25 жаста. Алматы қаласының тұрғыны, бір қыздың анасы 

Айнабұлақтағы №11 поликлиникаға барып ПТР-тест тапсырғанмын, 5 күннен кейін нәтижесі оң болып келді. Тест нәтижесін ауруханаға өзім барып, алдым. Менің КВИ екенімді көрген дәрігерлердің бәрі улап-шулап, ғимараттан тезірек кетуімді сұрады.  Дәрігерлердің у-шуынан кейін аздап үрей пайда болды. Оның үстіне үйде қайын енемнің жасы үлкен, одан бөлек кішкентай қызым бар, солар үшін алаңдадым. Үйге кіріп бірден басқа бөлмеге оқшауландым, бірақ үйдегілер «Неше күн болды бірге жүрміз, осы уақытқа дейін жұғатыны жұғып болды ғой» деді.

Бәріндегідей, алғаш әлсіздік, содан соң бас ауруы болды, қызуым көтеріліп, кейіннен дәм мен иіс сезу қабілетім жоғалды. Алғаш өзімнің коронавирус жұқтырғаныма сенімсіздікпен қарадым. Бірақ аяқ-қолым қақсағанда, денемді көтере алмай қалдым.

Менің өте жақын танысым «Коронавирус – саясат» деп сенбейтін. Мен ауырған соң ғана «Вирус шынымен бар екен» деп көзі жетті. Вирус  өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып жүрген жездемізді арамыздан алып кетті. Ол кісінің отбасынан қазір 7 адам ауруханада жатыр. 

Учаскелік дәрігерлер жазып берген дәрілерден бөлек, көпшіліктен естігенім бойынша вирусқа қарсы таблетка іштім, «қойдың құйрық майы өкпеге жақсы» дегенді естіп, былайғы күні жемейтін майды ерітіп тұрып іштім (күліп).  Түнімен спирт иіскедім. WhatsApp желісіндегі чаттардан келген емнің болады-ау дегенінің бәрін жасап, қойдың сорпасын іштім. Жатып алып, у сарымсақ сордым. Ақыр соңында жағдайым нашарлап, жедел жәрдем шақырдым.

Иман Дуабаев, 63 жаста. Алматы қаласының тұрғыны, тіс дәрігері

Мен зейнеткермін, негізгі мамандығым тіс дәрігері. Арасында таныстарымның тісін жасауға клиникаға барып тұратынмын. Солай бір таныстарым тіс емдеткен еді, солардан жұқты-ау деп ойлаймын.

Алғашында дене қызуым бір көтеріліп, бір басылған соң ПТР-тест тапсырдым. Кейіннен біраз демігу болды. Өзім дәрігер болғандықтан, салдарын жақсы түсініп, көп жатпауға тырыстым, ары-бері жүрдім, ішпен жаттым. Содан болмаған соң, балама жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға келдім.

Алғаш ауруханаға келген кезде «Бұл қалай болғаны? » деген алаңдаушылық, бір шетінен «Енді не болар екен? » деген үрей болды. Оның үстіне, балаларым мен немерелерім ылғи қасымда жүргендіктен, солардың денсаулығы үшін алаңдау болды. Сосын өзімді өзім қолға алып, «Мен бұл ауруды жеңуім керек» дедім. Палатада жатпай ары-бері жүремін, шар үрлеймін. Байқаймын, көп жастар ауырдық деп қозғалмай жатыр. Өмірге деген құштарлықтары жоқ па, білмедім. Коронавирус қанды ұйытатын болғандықтан, адам мейілінше көп қимылдау керек. Ұйқым мүлдем қашып кетті, содан тыныштандыратын «Седалин» деген шөп дәрі алдырып, бүйрегім ауыра бастаса, «Канефрон» ішемін. Коронавирус барлық ауруларды қозғайды екен, сондықтан өкпені ғана емес, жүректі де, бауыр мен бүйректі де емдеп отыру қажет.

80 жаста. Шу ауданының тұрғыны, зейнеткер. 

Алғашында демігіп, ауа жетпей қиналдым. Ауруханада біраз ем қабылдағаннан кейін, денсаулығым қалпына келе бастады. Ең бастысы, қатты үрейге беріліп, уайымға салынбау.  Өзім ешқашан шылым шеккен емеспін, арақ пен сыраны да аузыма алып көрмеппін. Ұл-қыздарымның көбі Алматыда тұрады, содан Ақжарда тұратын балам деміккенімді көріп, тест тапсыртты. Нәтижесін көрген соң, дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға әкелді. Мұндағы дәрігерлерге рақмет, жандары қалмай күні-түні емдеп жатыр. Төрт қабырғада жатып жалықтым, шыққан соң ауылға барып, бір қойды сойдырып, жас сорпаны ішіп, майын жеп жатамын ғой (күліп).

Еркеназ Тәжиева, 20 жаста. Семей қаласының тұрғыны, студент

Мен жазғы демалысқа Талдықорғандағы апамның үйіне қыдырып келгенмін. Ол жақта үш күн болғаннан кейін, Алматыдағы туысқан ағамның үйіне келген кезде дене қызуым көтеріліп, құстым. Бірден ПТР-тест тапсыруға бардым, КВИ жұқтырыппын. Үйден ем алайын десем, жеңгем жақтырмады. Содан бөлек пәтер жалдадым. Маған ең қиыны, туыстарым мен жақындарымның менен қашуы болды. Сізге бір қызық оқиға айтайын, мен тест нәтижесін көрген соң, Семейдегі анама хабарласып «Мама, мен коронавирус жұқтырыппын, не істеймін?» деп жылап тұрсам, ол кісі тұтқаның ар жағынан: «Ақырын сөйлеші, мен жаназада жүрмін. Жанымдағылар естіп қойса, маған жоламай қояды. КВИ екеніңді ешбір туысқа айтпа» деп тұтқаны тастай салды. Коронавирустың осылай жаппай тарап кеткеніне біздің осы «ұят» деп жасыруымыз да себепші болған шығар. Бұл бүкіл әлем ауырып жатқан вирус емес пе, ұялатын несі бар?! Анам мен әкем «Коронавирусты ПТР-тест тапсырғанда жұқтырдың, сені әдейі ауыртты» деп байбалам салды. Ол кісілер әлі «вертолетпен вирус шашады», «адамзатты чиптеу үшін ауыртып жатыр» деген ақпаратқа құдайдай сенеді. Жалпы, мен аса қатты қиналып, ауырмадым. Жеңіл өтіп жатыр десем де болады. Ауруханаға демігуім қатты болған соң алып келді. Бірақ өкпем таза шықты. Эмоциялық тұрғыдан қатты қиналып, үрейленгеннен деміккен екенмін. Барынша жақындардың қолдауы маңызды. Мынандай қиын жағдайда бәріміз қолдауға зәруміз. Мейірімді болайықшы!

Айжан Қалиева, Алматы