Astana Hub арқылы IT-қызметтердің экспорты 328 млрд теңгеге жеткен

Автор: Нұргүл Абай

537 компания әлемнің 111 еліне IT-қызметтерді экспорттайды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

2025 жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub арқылы IT-қызметтердің экспорты 328 млрд теңгеге жеткен, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 44 пайызға артық. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub резиденттері 32,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Әлемнің 111 еліне IT-қызметтерді экспорттаумен 537 компания айналысады. Экспорттың жалпы көлемі 328 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 44%-ға артық», - деді ол Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, инновация саласын дамыту төрт негізгі инновациялық кәсіпкерлікті дамыту институтына негізделген. Оның базасында жасанды интеллект саласындағы стартаптарды іске қосуға бағытталған AI’preneurs-ті қоса алғанда, акселерациялық бағдарламалар идея кезінен бастап инвестициялар тарту сатысына дейін жүзеге асырылады. 2024 жылдың қыркүйегінен бері бағдарламаның үш легі өткізілді, оның аясында 35 ЖИ-стартап құрылды.

Астана әкімдігімен бірлесіп қалалық ортаға стартаптарды енгізуге және оларды коммерциялық келісімшарттарға айналдыруға бағытталған Astana Innovations Accelerator бағдарламасы жүзеге асырылуда. Іріктеу қорытындысы бойынша 8 жоба қаржыландырылды.