Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады
Денсаулық сақтау министрлігінің жаппай тексеруінен кейін Қазақстанда ешқандай рұқсат қағазын алмай жұмыс істеген 408 емшара кабинеті табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеруден кейін олардың 270-і өз еркімен жабылған. Айта кетейік, былтыр Қазақстанда емшара кабинетінде екпе алған бірнеше адам көз жұмған еді. Осындай өлім-жітімнен кейін Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тексеру бастаған.
«Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген мониторингтің барысында 1900 жеке емшара кабинетінің 408-і тиісті лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткені анықталды. Уәкілетті орган жүргізген тексерулердің нәтижесінде 270 емшара кабинеті өз қызметін ерікті түрде тоқтатты; бірқатар субъектілер қызметін заңдастыруға дайын екенін білдіріп, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге кірісті; 116 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды», - деп хабарлайды ДСМ.
Жалпы, бұл саладағы заң бұзу фактілерінен кейін емшара кабинеттеріне қатысты 147 әкімшілік іс қозғалып, 16 млн теңге айыппұл салынған.