«Екінші әйелімді шәкіртіме үйлендірдім»: Құрбанәлі Ахмет Ишанға да, журналист Жанар Байсемізге де 216 мың теңге айыппұл салынған

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Алматы полициясы хабарлады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бірнеше күннен бері Қазнетте Құрбанәлі Ахмет Ишан есімді тұлғаның журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатындағы екінші әйелге қатысты цитатасы қатты таралған еді. Алматы полициясы желі қолданушыларының наразылығын тудырған видеоға қатысты ресми мәлімдеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Құрбанәлі Ахмет Ишан сұхбат барысында «өзін тыңдамаған екінші әйелін шәкіртіне үйлендіріп жібергенін» айтқан еді. Сұхбаттың бұл видео үзіндісі таралғаннан кейін полиция материалды зерделеген.

«Өзін діни ағымның өкілімен деп санайтын азаматтың көпшілік арасында таралған видеоматериалына қатысты Алматының мемлекеттік органдары тиісті тексеру жүргізді. Сұхбат барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін (әйелінің біреуін шәкірітіне беру туралы) пікірлер айтылған. Бұл қоғам санасына кері әсерін тигізетін пікір», - деп хабарлайды Алматы полициясы.

Осы материалдар негізінде Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы пікір иесіне, яғни, Құрбанәлі Ахмет Ишанға Әкімшілік кодекстің 490 бабы бойынша айыппұл салған. Айта кетейік, Әкімшілік кодекстің 490 бабына сай, дәл осындай дәрежеде пікір айтқан немесе материал әзірлеген жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ Басқарма бұл азамат Мүфтияттың мүшесі емес екенін мәлімдеген. Өз тарапынан Алматы полициясы журналист Жанар Байсемізге де 490 бапқа сай айыппұл салған.