Бұл нысандардың құрылысы аяқталуға жақын
Алматы облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан «Келешек мектебі» жобасы аясында 9 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін пайдалануға берілетін бұл мектептер өңірдегі орын тапшылығын едәуір азайтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңадан салынған 9 мектептің бесеуі тікелей үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Олар келесі елді мекендерде орналасқан:
Алатау қаласы: Қоянқұс ауылы;
Іле ауданы: Тілендиев ауылы;
Қарасай ауданы: Бұланды ауылы;
Талғар ауданы: Тұздыбастау және Жалқамыс ауылдары.
Бұл жобалар іске қосылған соң облыстағы үш ауысымды мектептер саны 28-ден 23-ке дейін азаяды.
Қалған 4 мектеп орын жетіспеушілігін шешу үшін бой көтерді. Олар Еңбекшіқазақ ауданының Сатай және Ащысай ауылдарында, сондай-ақ Талғар ауданының Қызылту мен Көктал ауылдарында орналасқан.
Жаңа құрылыстардан бөлек, облыстағы 13 мектепті күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қазірдің өзінде екі нысан — Еңбекшіқазақ ауданындағы Масақ ауылының мектебі мен Талғар ауданы Белбұлақ ауылындағы №10 мектеп пайдалануға берілді.
Жөндеу жұмыстары жалғасып жатқан аудандар: Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген және Ұйғыр аудандары; Қарасай және Талғар аудандары; Қонаев қаласы.
Қалған 11 мектептегі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың маусым-шілде айларында толық аяқталады деп жоспарланған